​Астанада медицина қызметкерлері үшін үй салынады

0
1 011

Бұл туралы Астана қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамалжан Надыров мәлімдеді.


​Астанада медицина қызметкерлері үшін үй салынады

ERNUR.KZ..KZ. Елордалық дәрігерлерге арналған баспана салынады. Бұл туралы Астана қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамалжан Надыров ана мен бала өлімі оқиғаларының санын азайтуға бағытталған шараларды қабылдау жөніндегі қалалық штабтың көшпелі отырысында мәлімдеді, деп жазады Baq.kz әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.

20 жылда елордада 287 мың сәби дүниеге келді. Ана мен бала өлімі оқиғаларының санын азайту мақсатында шұғыл шаралар қолға алынды. Олардың аясында елорда ауруханаларындағы орын саны арттырылып, кадр тапшылығы мәселесі шешілді, қызмет мамандары өз біліктілігін арттырды.

«Елорда тұрғындары санының өсімін есепке ала отырып біз № 1 аурухананың базасында 250 орынға арналған жаңа босандыру блогы құрылысы жобасын жүзеге асыруды бастадық. Сондай-ақ, біз № 2 көпбейінді ауруханада орын санын 185-тен 220-ға дейін арттыру туралы шешім шығардық», - деп мәлімдеді Астана қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамалжан Надыров ана мен бала өлімі оқиғаларының санын азайтуға бағытталған шараларды қабылдау жөніндегі қалалық штабтың көшпелі отырысында.

Кадр тапшылығы мәселесін шешу мақсатында қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы еліміздің жетекші ЖОО-мен ынтымақтастық қарым-қатынас орнатқан. Қажетті мамандар мемлекеттік грант есебінен дайындалып жатыр.

«Мамандардың тапшылығына әсер ететін факторлардың бірі – Астанада тұрғын үйдің жоқтығы. Тек биылдың өзінде тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін квалификациялық босандыру қызметі мамандарына 11 пәтер бөлінді. Алдағы уақытта медициналық қызметкерлер үшін баспана салынатын болады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, баспананы қолжетімді ету мақсатында тұрғын үй сертификаттарын беру мәселесі де қарастырылған», - деді Қ. Надыров.

Босандыру қызметі мамандарының біліктілігін арттыру мақсатында акушер-гинеколог, анестезиолог-реаниматолог сияқты мамандар шұғыл босандыру дағдылары мен тиімді перинаталды технологияларды меңгеруге мүмкіндік беретін оқытудан ел ішінде де, шет елдер де өтеді. Тәжірибелі мамандардан құралған мобильді топтар құрылды. Олардың құрамында білікті акушер-гинекологтар, қан тамырлары хирургтері, анестезиолог-реаниматологтар бар. Тамызда басқарма № 1 перинаталды орталық пен № 2 қалалық аурухананы біріктіру арқылы № 2 қалалық көпбейінді аурухананы құрған болатын. Бұл өз кезегінде жыныстан тыс ауыр дертке шалдыққан әйелдерге уақытылы және сапалы көмек көрсетуге мүмкіндік берді. Қамалжан Надыровтың айтуына қарағанда, соңғы жылдары жыныстан тыс ауыр дертке шалдыққан аяғы ауыр әйелдердің миграциясына қатысты оқиғалар санының артқаны байқалады. 248 әйелдің 34% - басқа қалалардың тұрғындары.