​Астанада насыбай өндіретін жерасты цехы жойылды

0
2 500

Полицейлер сауда орындарын тексеріп, таратушыларды әкімшілік жауапкершілікке тартты.


​Астанада насыбай өндіретін жерасты цехы жойылды

Сурет: Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Астанада құқық қорғау органдарының қызметкерлері рейд барысында 2 тоннадан астам насыбай өнімін тәркіледі.

Астанада тыйым салынған темекі қоспасымен белсенді күрес жүріп жатыр. Елорданың барлық ауданында вейп пен насыбайдың заңсыз таралуы мен қолданылуын анықтау бойынша рейдтер жүргізілуде.

Полицейлер сауда орындарын тексеріп, таратушыларды әкімшілік жауапкершілікке тартты. Рейдтік іс-шаралар апталығында елорданың бес ауданында 500-ден астам сауда орны тексерілді.

Полиция департаментінің қызметкерлері аудан әкімдіктерімен бірлесіп, шегілмейтін темекі өнімдерін сатудың 70-ке жуық фактісін, оның ішінде насыбай өндірісі бойынша жерасты цехтарын анықтады.

Рейд барысында Байқоңыр ауданында полиция қызметкерлері насыбай өндіретін цехты тапты. Тәркіленген заңсыз өнімнің жалпы сомасы 10 млн теңгеден асады.

Астана қаласы полиция департаментінің қызметкерлері рейд барысында Омаров және Асан Қайғы көшелерінің қиылысындағы жеке үйде 2 тонна насыбай сақталғанын анықтады.

Нәтижесінде заң бұзушыларға 25 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салу түрінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің (ӘҚБтК) 196-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Барлық өнімдер тәркіленді.

Елорданың сауда орындары бойынша рейдтер күн сайын жүріп жатыр.


Айта кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 15 наурызда Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында қазақстандықтардың денсаулығына зиянды есірткі мен басқа да заттардың зияны туралы айтқан болатын.

"Қазіргі уақытта тиісті заңдарға өзгерістер енгізу мәселесі қаралып жатыр. Олар тек вейптер үшін ғана емес, сонымен қатар насыбайды пайдалану үшін де қылмыстық жауапкершілікті қарастырады. Бұл шаралар насыбайға толық тыйым салуға мүмкіндік береді", - деп атап өтті Президент.