Астанада өртенген пәтерден қыруар қаржы жоғалған

0
1 209

Астана тұрғыны пәтерінің өртеніп, оның ішінде болған 15 миллион теңге мен 8 мың долларының жоғалғанын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz. ​


Астанада өртенген пәтерден қыруар қаржы жоғалған

Астана тұрғыны пәтерінің өртеніп, оның ішінде болған 15 миллион теңге мен 8 мың долларының жоғалғанын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Асхат Солтанов бұл жайт жөнінде Facebook парақшасында жазды. Ер адамның айтуынша, өрт кезінде үйде ешкім болмаған. Жанып кеткен пәтер иесінің сөзіне қарағанда, оқиғадан кейін шамамен 15 миллион теңге мен 8 мың доллар жоғалып кеткен. "Жұбайымның көлігін сатқан және кезекті дүкенімізді ашуға деп жинаған ақша үйде болатын. (...) Біз бұл ақшаны соңғы бірнеше айда жинадық. Бірқатар жайт болды, ақыры ақша үйде жатқан кэшке айналды. Белгілі бір соманы қарызға бердім, жақында қолма-қол ақша қылып қайтарып берді, кейін көлікті саттық. Бұл ойдың барлығы басымда оқтай зулайды, Дәурен тағы бір рет тексеру үшін пәтерге қарай жүгірді. Ақша жоқ болып шықты", - деп жазды Солтанов. ҚР ІІМ ТЖК баспасөз қызметінің мамандары 16 наурызда өрттің болғанын растады. Өрт жайлы хабар сағат 23.09-да жеткен. Оқиға 14 қабатты "Весна-2" ТК-да болған. Мамандардың айтуынша, жатын бөлмедегі үй заттары мен жиһаз өртенген, аумағы 10 шаршы метр. Өрт 23.40-та ауыздықталып, 23.42-де толықтай сөндірілген. Өрттің алдын ала себебі - электр сымдарының қысқа тұйықталуы. "Айта кету керек, өртсөндірушілерге пәтерді өртке дейін және өрттен кейін пәтер иесінің көршісі ашып және жауып берді. Сонымен қатар, көрші өртке қарсы қызмет мамандарына ешқандай уәжі жоқ екенін жазып берді", - деді ТЖК мамандары. "Өрт болған жерден ақшаның жоғалғаны туралы ақпарат келіп түскен соң оқиға болған жерге өрт сөндіру қызметінің басшылығы мен полиция қызметкерлері барды. Түсініктемелер алынды. Тексеру жүріп жатыр", - деді баспасөз қызметіндегілер.