Астанада өтетін халықаралық айтыста бас жүлдеге 5 млн беріледі

0
2 852

Қазақстаннан айтысқа республикалық, облыстық және республикалық маңызы бар қалалық айтыстардың жеңімпаздары: Ринат Заитов, Еркебұлан Қайназаров, Серік Қойшығұлов, Біржан Байтуов, Мұхтар Ниязов және т.б. еліміздің белгілі айтыскерлері қатысады


Астанада өтетін халықаралық айтыста бас жүлдеге 5 млн беріледі

фото:Baq.kz

ERNUR.KZ. Астанада 20-21 қазанда «Қазақстан» орталық концерт залында «Жыр арқауы – Астана» атты халықаралық ақындар айтысы өтеді, деп жазады Baq.kz.

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы айтыстың Астананың 20 жылдық мерейтойына орай өткізілетінін атап өтті.

«Біз үлкен елеулі оқиғаның алдында тұрмыз. Неге десеңіздер, Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы аясында халықаралық ақындар айтысын өткізгелі отырмыз. Бірнеше жыл бұрын мұндай айтысты Жүрсін Ерман ағамыз өткізетін. Кең ауқымды халықаралық айтыс болайын деп тұр. Айтыс – төл өнеріміздің негізі. Айтысқа қашан да өте мұқият болуымыз керек, себебі әр шыққан сөз адамның жүрегіне жылу, кейде тікен болып қадалады», - деді министр.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман айтыскерлерді қалай іріктелгені туралы айтты.

«Жыл басынан бері республика көлемінде, облыстарда, аудандарда өткен айтыстарда ақындардың бабын байқадық. Олардың арасынан суырылып шыққан, Астананың 20 жылдығын жырлай алатын ақындарды таңдауға тырыстық. Сондай-ақ, Қазақстанның түкпір-түкпірінен де айтыскерлер қатыссын дедік. Мысалы, кеше ғана Қостанайда өткен айтыста бас жүлде алған Мұхтар Ниязов қатысайын деп отыр. Халықаралық сайыс болғаннан кейін жастар да қатыссын деп үш жас ақынға сенім артып, бәйгеге қосып отырмыз», - деді Жүрсін Ерман.

Қазақстаннан айтысқа республикалық, облыстық және республикалық маңызы бар қалалық айтыстардың жеңімпаздары: Ринат Заитов, Еркебұлан Қайназаров, Серік Қойшығұлов, Біржан Байтуов, Мұхтар Ниязов және т.б. еліміздің белгілі айтыскерлері қатысады. Сондай-ақ шетелден алты ақын шақырылды.

«Қытай Халық Республикасынан Ұларбек Минатхан, Жәмиға Дәулетқызы, Моңғолиядан Айдос Рашат, Аманжол Қуантқан, Қырғызстаннан Асылбек Маратов, Мундузбек Уулу сынды ақындар қатысқалы отыр. Айтыстың мақсаты біреуді жамандау емес, еліміздің абыройын көтеріп, бүкіл жаңалықтарымызбен, жетістіктерімізбен бөлісу. Кешегі Елбасының Жолдауы аясында өтеді деп айтсақ теріс болмайды», - деді Жүрсін Ерман.

Айтысқа Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулет (әділ қазылар алқасының төрағасы), тарих ғылымының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлы, Түркияның Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры Әбдіуақап Қара, ақын, жазушы Шынай Рахметұлы (Моңғолия), айтыс ақыны Әсия Беркенова төрелік етеді.
«Алтын домбыра» сыйлығының екі мәрте иегері Мұхтар Ниязов қазақстандық ақындардың айтысқа дайындығымен бөлісті.

«Көшпенді мәдениеттің ішінде кез келген уақытта кең аудитория жинайтын өнер айтыс болып отыр. Мемлекет бетбұрыс жасап, Астанаға ордасын тігіп, айдай әлемге паш етіп жатқан кезде сол өнердің тойында жырдың жәрмеңкесі қызып отырғаны жарасымды. Моңғолия, Қытайдан келетін ақындарыдң осалы жоқ. Бұл айтыс еліміздің түкпір-түкпірінде өткен айтыстардың қорытындысы болмақ. Айтыскерлер атынан сақадай-сай отырмыз деп айтамын», - деді ол.

Айта кетсек, айтыстың жүлде қоры: Бас жүлде – 5 000 000 теңге, І орын – 2 500 000 теңге, ІІ орын – 2 000 000 теңгеден 2 адамға, ІІІ орын – 1 000 000 теңгеден 2 адамға және жұбаныш сыйлықтар – 350 000 теңгеден.
Арыстанбек Мұхамедиұлы айтысты өткізуге 20 жылдығы мерейтойы аясында қаржы бөлінгенін атап өтті.