Астанадағы трагедия: депутаттар әр өңір бойынша арнайы карта жасауды ұсынды

0
1 197

Депутаттар президенттің тапсырмасымен құрылған жұмыс тобына белсенді қатысуға дайын


Астанадағы трагедия: депутаттар әр өңір бойынша арнайы карта жасауды ұсынды

ERNUR.KZ. Мәжіліс депутаты Зауреш Аманжолова барлық депутат атынан Астанадағы жойқын өрттен көз жұмған балалардың ата-анасына көңіл айтты, деп жазады sputniknews.kz.

"Ең алдымен, барлық мәжіліс депутатының, фракцияның және Қазақстан халқы Ассамблеясы депутаттық тобының атынан Астанада жойқын өрттен қаза болған балалардың ата-анасына көңіл айтамыз", - деді Аманжолова депутаттық сауалына кіріспес бұрын.

Депутат елордадағы қайғылы оқиғадан кейін президенттің тапсырмасымен үкіметтің жұмыс тобы құрылғанын еске салып, тұрмысы төмен азаматтарды қолдауға жыл сайын 365 миллиард теңге бөлінетінін атап өтті.

"Жаңадан құрылған жұмыс тобына әр өңір бойынша мемлекеттің қолдауына мұқтаж азаматтар санаты анық көрсетілген арнайы әлеуметтік карта жасау қажет деп ойлаймыз", - деді ол.

Сондай-ақ, ол парламент депутаттары аталған жұмыс тобына белсенді қатысуға және нақты ұсыныстар енгізуге дайын екенін айтты.

"Біздің бірлескен жұмыс халықты мазалап жүрген әлеуметтік мәселелерді шешу бойынша мемлекеттік шараларды жетілдіруге мүмкіндік береді деген ойдамыз", - деп түйіндеді Аманжолова.

Еске сала кетсек, ақпанның үшінен төртіне қараған түні Астанадағы Көктал-1 тұрғын үй алабында "времянка" өртеніп, бес бала көз жұмды. Қаза болғандардың барлығы – қыз бала. Балалардың ата-анасы түнгі уақытта жұмыста болған.