Астаналық азамат бесінші қабаттан секірген баланы қағып алды

1
761

​Төтенше жағдай министрі Юрий Ильин Ақылбек Қыпшақбаевқа алғыс айтып, "Өрттегі ерлігі үшін" төсбелгісін табыстады.


Астаналық азамат бесінші қабаттан секірген баланы қағып алды

ERNUR.KZ. Өрт кезінде көрсеткен ерлігі үшін астаналық азамат Ақылбек Қыпшақбаев төтенше жағдайлар министрінің құрметіне бөленді. Ол күні кеше елордадағы тұрғын үйлердің бірінде болған өрттен баланы құтқарып қалған болатын, деп жазады sputnik.kz.

Ал Ақылбектің өзі бұл әрекетін ерлік деп санамайды. Менің орнымда кез-келген адам осындай қадамға барар еді дейді ол.

Оқиға 23 сәуірде күндіз сағат екілер шамасында Петров көшесіндегі 5-үйде болған. Отқа оранған пәтерде бала үйде жалғыз қалған.

Өрт сөндірушілер келгенге дейін баланың айғайлап, көмек сұрап жылағанын естіген Ақылбек оны құтқаруға кіріскен.

"Үйдің 5 қабатына жылдам көтерілгенімде темір есіктің ішкі жағында баланың жылап жатқанын естідім. Содан көп ойланбастан 4-ші қабатқа түсіп, көршілердің терезесі арқылы баладан өрт сөндірушілерді күте аласың ба деп сұрадым. Ол күте алмайтынын және түтінге тұншыға бастағанын айтқан соң, оны қолыма секіруге көндірдім", – дейді Ақылбек Қыпшақбаев.

Бесінші қабаттан секіру қорқынышты болғанымен, ол сондай шешім қабылдады. Ал Ақылбек оны бірден қағып алған.

"Мен өзім туралы мүлдем ойламадым, тек баланы құтқаруды ойладым", – дейді кейіпкер.

Төтенше жағдай министрі Юрий Ильин Ақылбек Қыпшақбаевқа алғыс айтып, "Өрттегі ерлігі үшін" төсбелгісін табыстады.

"Сіз біздің заманымыздың нағыз ержүрек батырысыз. Сіздің ерлігіңіз құрметке лайық. Өйткені әркім өз өмірін қатерге тігіп, өзге адамның өмірін сақтап қала алмайды", – деп атап өтті Ильин.

Айта кетейік, 34 жастағы Ақылбек Қыпшақбаев Шымкент қаласының тумасы. Бүгінде өзі төрт бала тәрбиелеп отырған әке.