Ол үшін Ashyq-тағы статусы "көк" және "жасыл" болуға тиіс"
ERNUR.KZ. Нұр-Сұлтан қаласында ата-аналарға мектептер мен балабақшаларда өтетін ертеңгіліктерге қатысуға рұқсат берілді. Бұл туралы елорданың бас мемлекеттік санитар дәрігері Сархат Бейсенова мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.
Ол алдағы мерекелер мен індеттің басылмағанын ескеріп, мектептер мен балабақшаларда сыныптар мен топтарды қосып бұқаралық іс-шаралар өткізуге тыйым салынатынын атап өтті.
Бірақ ертеңгілікті "бір топ – бір шара" қағидатымен өткізуге болады.
"Білім беру ұйымдарында іс-шараларды топпен, яғни бір топта – бір шара өткізуге рұқсат етіледі. Қазір біз "жасыл" аймақта тұрмыз, сол себепті ата-аналар да ертеңгілікке қатыса алады. Ол үшін Ashyq-тағы статусы "көк" және "жасыл" болуға тиіс", - деді Бейсенова елордадағы эпидемиологиялық жағдай туралы баспасөз мәслихатында.
Бұған дейін Сархат Бейсенова елорда тұрғындары мен қонақтарынан наурыз мерекелері кезінде карантиндік шараларды сақтауды сұрады.