Олар петиция жариялаған.
ERNUR.KZ. Ата-аналар Сара Назарбаева негізін қалаған «Бөбек» орталығын қайта құру бастамасына қарсы шығып, қол жинап жатыр, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Бұған дейін оқу-ағарту министрлігі «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнын «Үздіксіз инклюзивті білім берудің ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына қайта құру жоспарланып отырғанын мәлімдеді.
Бүгін осы орталықта білім алатын балалардың ата-аналары «Бөбекті» өзгертуге қарсы екенін білдіріп, петиция жариялаған. Олар қайта құру ісі орталықтағы қызметтің сапасына кері әсерін тигізеді деп алаңдайды.
«Бөбек» орталығы өз кәсібилігінің, тәжірибесінің және білім мен сауықтыруға деген бірегей көзқарасының арқасында ата-аналар мен балалар арасында сұранысқа ие болды. Бұл орталыққа түсу оңай емес, көптеген ата-ана балаларына дәл осы жерде оқуға және дамуға мүмкіндік беруге тырысады. Біз орталықты қайта құру балаларымызға жасалатын жағдайлардың нашарлауына әкеп соғады және қалыптасқан балансты бұзады деп санаймыз. Біз оқу-ағарту министрлігінен «Бөбек» орталығын қайта құруға қатысты жоспарын қайта қарауды сұраймыз. Оның басқару формасын өзгерткенше, оны дамыту мен қолдауға инвестиция құйса құба-құп болар еді. Біз орталықтың қазіргі күйінде сақталғанын қалаймыз және балаларымыздың болашағы үшін оның мүддесін қорғауға әзірміз», - делінген петиция мәтінінде.
Петицияға 50 мың адам қол қойса, оқу-ағарту министрлігі оны қарауға міндетті болады.
Еске салсақ, Сара Назарбаева 1992 жылдың ақпанында «Бөбек» халықаралық балалар қайырымдылық қорының негізін қалап, қордың президенті қызметін атқарды.