Атырау облысында тоңазытқышта өлген сәбиге қатысты тың дерек шықты

0
1 893

Бас дәрігердің телефонын жемқорлыққа қарсы күрес қызметкерлері тыңдап, адам өлтіру қылмысы ашылды.


Атырау облысында тоңазытқышта өлген сәбиге қатысты тың дерек шықты

ERNUR.KZ. Атырау облыстық перинаталды орталығының бас дәрігері мен акушер-гинекологына қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-тармағының 3, 7-тармақшалары (Кінәлі адамға дәрменсiз күйде екенi көрінеу белгiлi адамды алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобының өлтiруі) бойынша не себепті қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды, деп жазады azh.kz.

4 қазанда Нұр-Сұлтан қаласында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Шыңғыс Қабдол бас дәрігер Қуаныш НысанбаевЫ пен акушер-гинекологтың жаңа туған нәрестені өлтірді деген күдікке ілінгенін хабарлады.
- Арнайы жедел шаралардың нәтижесінде дүниеге келген нәрестенің немқұрайлылық салдарынан өлі туылды деп тіркелгені анықталған, бірақ іс жүзінде нәресте тірі болған. Сәби тіршілік нышанын білдіргеннен кейін дәрігерлер, мүмкіндік бола тұра, шұғыл шаралар алудың орнына рәсімделген құжаттарға сәйкес әрекет еткен. Шалажансар нәрестені сол күйі қалдырып, тоңазытқыш камерасына салған. Дәрігерлердің бұлай істеуіне дерекқорда тіркелген құжатты түзей алмайтындықтары себеп болған, - деді Шыңғыс Қабдол.
«AЖ» ақпараты бойынша, 29 қыркүйекте облыстық перинаталдық орталықта дүниеге келген сәби бастапқыда тіршілік нышанын білдірмеген. Оны «өлі туды» деп рәсімдейді. Тоңазытқыш камерасына жеткізгенде нәрестенің аяғы қимылдап, тіршілік белгісін білдірген соң акушер-гинеколог бас дәрігер Қуаныш Нысанбаевқа қоңырау шалған. Ал бас дәрігер оны тоңазытқышта қалдыруды жөн көрген.
Олар Нысанбаевтың телефоны сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметкерлері тыңдап жүргенін білмеген. «Тыңдау» шарасы бас дәрігер бірнеше рет сот-медициналық сараптама институтының директорына пара берді деген күдікпен ұйымдастырылған болатын. Айналып келгенде адам өлтіру қылмысы ашылды.
Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймұрзиева облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігерін айыптауларға қатысты пікір білдірді.
- Қазір тергеу жүріп жатқандықтан бұл жағдайға қатысты пікір айта алмаймын. Бірақ дәрігерлерге қатысты айыптаулар мені жаман күйге түсірді. Құқық қорғау органдары бұл жағдайды жан-жақты тексереді деген ойдамын,- деді Аймұрзиева.