Атырауда әскери қызметші менингиттен қайтыс болды

0
919

Жүргізілген интенсивті терапияға қарамастан, 5 сағаттан кейін қайтыс болған.


Атырауда әскери қызметші менингиттен қайтыс болды

иллюстрациялық фото: ашықдереккөзден

ERNUR.KZ. Атырауда менингиттен әскери қызметші көз жұмды, деп жазады ҚазАқпарат.

«26 қазан күні әскери бөлімнің фельдшері әскери қызметшіні ауыр жағдайда облыстық ауруханаға жеткізді. Клиникалық-зертханалық тексерістердің және салалық мамандардың консультацияларынан кейін науқасқа «менингококк инфекциясының күрт асқынатын түрі» алдына ла диагнозы қойылды. Науқас жансақтау бөліміне жатқызылды. Жүргізілген интенсивті терапияға қарамастан, ол 5 сағаттан кейін қайтыс болды», - деп мәлім етті облыстық Денсаулық сақтау басқармасынан.

Алдына ала мәлімет бойынша, сарбаз медициналық қызметке 26 қазан күні жүгінген. Ол әскери бөлімге 16 қазан күні келген.

«Денсаулық сақтау басқармасы оқиғаның анық-қанығын тексеру үшін комиссия құрды. 27 қазан күні әскери бөлімде эпидемияға қарсы, алдын алу шаралары өткізілді – науқаспен қарым-қатынаста болғандардың барлығын дәрігер қарап шықты, антибиотикопрофилактика басталды. Байланыста болғандардың арасында менингококк инфекциясын жұқтыру белгілері бар тұлғалар анықталған жоқ. Медициналық бақылау жалғасуда», - деді Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасынан.