ERNUR.KZ. Атырауда 6 сәуірде із-түзсіз жоғалған 16 жастағы қыздың мүрдесі табылды, деп жазады inform.kz.
Кәмелетке толмаған баланың денесі табылғаны туралы атасы Амангелді Қазбеков әлеуметтік желіде жазды.
«Менің немерем Әсемайым табылды. Ертең сағат 10-да намазын шығару ұйғарылды», -деген Амангелді Қазбеков.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Атырауда жасөспірім 6 сәуірде үйінен шығып кетіп, кейін оралмаған. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары іздеуге 7 сәуірде кірісті.
Кейін қыз баланың жоғалуына қатысты туралы жаңа мәліметтер белгілі болды.
«Соңғы бейнебақылау камерасынан Әсемайдың тек көпірге көтеріліп бара жатқаны көрінді. Сол жағадағы бір тұрғын үйдің камерасын қарауға үмітіміз болды. Алайда үй иесі 3 күн үйінде болмаған еді. Үй иесі аңшылыққа кеткен екен. Кейін оның келгенін білдік. Әсемайдың әкесі сол үйдің камерасын қарап шықты. Өкінішке орай камерадан Әсемай қызымыздың көпірден секіріп кеткені көрінген», - деп хабарлады жергілікті белсенді Сандуғаш Кукенова.
Сондай-ақ 16 жасар қызды іздестіріп жатқан сүңгуірлер жұмысты тоқтатуға мәжбүр болғанын жазған едік.
«Осы кезге дейін жедел-құтқару жасағының сүңгуірлері Жайық өзенінің 730 шаршы метрден астам аумағында су астынан іздеуді жүргізді. Алайда, бүгін, 19 сәуірде Жайық өзенінде су деңгейінің көтерілуіне, ағыстың жылдамдығы мен жел екпінінің күшеюіне байланысты іздестіру тоқтатылды. Өйткені, сүңгуірлерге өзен ағысының жылдамдығы секундына 2 метр болғанда іздестіруді жүргізуге рұқсат етіледі. Қазір Жайық өзеніндегі су ағысының жылдамдығы – секундына 3,5-4 метр», - деп мәлім еткен еді қоғаммен байланыс тобынан.