Ол ресейлік кәмпитте мөлшерден артық болып шықты.
ERNUR.KZ. Биыл 50 өнімнің құрамындағы гендік түрлендірілген ағзаның (ГМО) мөлшерін тексерген Атырау облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ресейлік кәмпитте оның талапқа сай келмейтінін анықтады. Бұл өнім тиісті қаулы қабылданғаннан кейін барлық сауда орындарынан тәркіленбек, деп жазады inbusiness.kz.
Атырау облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жыл сайын тамақ қауіпсіздігі мониторингі шеңберінде құрамында гендік түрлендірілген ағзасы бар азық-түлік өнімдеріне тексеріс жүргізеді. Биыл жыл басынан бері бұл тізімге сай 50 сынама сатып алынып, БҚО бойынша Ұлттық сараптама орталығының филиалына сынамалар жеткізіліп, зерттеу жұмыстары жүргізілген.
Ол бойынша өнімдердің ішінен РФ Мәскеу қаласындағы "Красный октябрь" АҚ өндірген "Набор конфет с начинками с целым дробленным фундуком" атты кәмпит өнімінің құрамынан 3,5 пайыз ГТА анықталған, нормалық көрсеткіш бойынша бұл 0,9 пайыздан аспауы керек еді.
"Біз хаттама толтырып, соған сай қаулының қабылдануын күтіп отырмыз. Одан кейін өнім барлық жерден тәркіленеді", - департаменттің техникалық регламенттерді бақылау бөлімінің бастығы Айым Қанатқызы.