Атырауда масаға арналған ескерткіш орнатылады

0
1 392

Оған «Атыраулық маса» деген атау береді екен.


Атырауда масаға арналған ескерткіш орнатылады

ERNUR.KZ. Атыраудағы «Ретро парк» 10 жылға сенімгерлік басқаруға берілді. Бұдан былай саябақта істен шыққан жарық, суару жүйесі мен субұрқақтар біртіндеп қалыпқа келтіріледі, деп жазады baq.kz.

«Ретро парк» енді «Трава у дома» ЖШС-ның сенімгерлік басқаруына берілді. Келісімшартта олар атқаруы тиіс 17 міндет көзделген. Басты шарттардың бірі - саябақты таза ұстау, іргелес аумақтарда да тәртіптің болуын қадағалау. Сондай-ақ, ағаш отырғызып, күтіп-баптау да басты міндетке кіреді», - дейді Атырау қалалық әкімдігінің баспасөз хатшысы Әлия Жамитова.

Қазірдің өзінде саябақ аумағына 200-ден астам көшет отырғызылған, 700 шаршы метр жерге гүл егілген. Мұндай жұмыстар жыл бойы атқарыла береді.

Сонымен қатар, сенімгерлікке алған мекеме мұнда масаның ескерткішін орнатуды жоспарлап отыр. Оған «Атыраулық маса» деген атау береді екен.

«Көгалдандыру бойынша, алдымен, суару жүйесін реттеп, оны жаңарту қажет. Бұдан әрі мұндағы көгалды түгелдей қалыпқа келтіру жоспарда бар. Ағаштардың да сан түрін отырғызғымыз келеді. Қала тұрғындары Атырауда тек қарағаш пен шаған өседі деп ойлайтын болса, қателеседі. Қолдан келгенше осы жоспардың барлығын жүзеге асыруға күш салатын боламыз. Биыл дендрарийге 300-ге жуық ағаш отырғызуды жоспарлап отырмыз. Дендрарий – ауқымды жоба деуге болады. Онда әртүрлі ағаш отырғызылатын болады. Кейбіреулері бұрын-соңды Атырауда кездеспеген болуы да мүмкін. Соларды жерсіндіргіміз келеді. Атыраудың тек мұнаймен емес, жасыл желекке де бай екенін көрсетуіміз керек деп ойлаймын. Біздің басты мақсатымыз – осы», - дейді «Трава у дома» ЖШС директоры Татьяна Тигай.

Саябақтағы көгалдандыру жұмыстарына 70 млн теңгеге жуық қаражат жұмсалады деп жоспарлануда.