Атырауда пайдаланылмай жатқан жерлер мемлекетке қайтарылып жатыр

0
2 134

Жерді мемлекет меншігіне өз еркімен қайтарып бергендер де бар.


Атырауда пайдаланылмай жатқан жерлер мемлекетке қайтарылып жатыр

иллюстрациялық фото

Атырауда пайдаланылмай жатқан жерлер мемлекетке қайтарылуда. Бұл туралы Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің қатысуымен өткен облыстық мәслихаттың кезектен тыс 50-ші сессиясында айтылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ облыстық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Атырау облысы мәслихатының хатшысы Өмірзақ Зинуллин 2020 жылы өткен сессияларда қаралып, оң шешімін тапқан мәселелерді атап өтті.

- Биыл Атырау қаласында нақты мекен-жайлар бойынша жол салу, жаяу жүргіншілер өткелі, ауылдық жерлерге жіберілген медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдауға 1 млн. теңге бөлу, тұрғын үй сертификаттарын көлемі мен алушылардың тізімі бекітілді. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы жерлерін түгендеу жұмыстары жүргізіліп, пайдаланылмай немесе мақсатсыз пайдаланылып отырған жерлерді мемлекетке қайтару жұмыстары басталды. Бұдан бөлек, республикалық маңыздағы «Ақтөбе-Атырау» мен «Атырау-Астрахань РФ» автомобиль жолдары құрылысы жүргізілуде, - деді Өмірзақ Зинуллин.

Атырау облысы жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының мәліметінше, биылғы жылдың 11 айында коммерциялық мақсатқа берілген 16 жер учаскесі пайдаланылмай бос жатуына байланысты, мемлекетке қайтарылған. Және есепті мерзімде аталмыш басқарма пайдаланылмай жатқан жерді қайтарып алу туралы сотқа барлығы 35 талап арыз жолдаған.
1 қараша күнгі ресми мәліметке сәйкес, Атырау облысында биыл ауылшаруашылығы мақсатындағы 273 800 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Оған себеп учаске иелерінің жерді уақытылы игере алмауы. Және олардың арасында жерді мемлекет меншігіне өз еркімен қайтарып бергендер де бар.

Айта кетейік, жыл басынан бері өткізілген сессияларда 118 шешім қабылданған. Оның ішінде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына қатысты - 17, облыстық бюджетті нақтылау бойынша – 6 шешім қабылданса, 57 шешім облыс әкімінің бастамасымен, 54-і мәслихат депутатарының бастамасымен, жетеуі тексеру комиссиясының ұсынуымен қабылданды.

Сонымен қатар, жиын барысында аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов мұнай саласының ардагері Мақсот Қилыбаевқа «Атырау облысының Құрметті азаматы» атағын табыс етті.

Еске сала кетелік, облыстық мәслихаттың 2020 жылғы 9 желтоқсанда өткен сессиясында ардагер мұнайшы Мақсот Қилыбаевқа «Атырау облысының Құрметті азаматы» атағын беру туралы шешім қабылданған болатын.