Атыраудағы перинаталдық орталықтың палатасын тышқан аралап жүр

0
643

Бұл видео Атырау облыстык перинаталдық орталығында түсірілген.


Атыраудағы перинаталдық орталықтың палатасын тышқан аралап жүр

ERNUR.KZ. Атыраудағы перинаталдық орталықтың палатасын тышқан аралап жүр, деп жазады ҚазАқпарат.


Бұл видео Атырау облыстык перинаталдық орталығында түсірілген. Жас босанған аналардың палатасында тышқан жүр. Орталықтың баспасөз қызметі кеміргіштердің барын жоққа шығармады, тек олардың дала тышқандары екенін айтып ақталды.

«Перзентхана Атырау қаласынан алыс жерде орналасқан. Ғимарат жазық далада болғандықтан, дала тышқандары бар. Алайда, облыстық перинаталдық орталықтың әкімшілігі бұл мәселенің алдын алу үшін дезинфекция жұмыстарын жиі жүргізеді. Соған қарамастан, тышқандар ғимарат ішінде пайда болып тұр. Алдағы күндері дезинфекция жұмыстары тағы да жүргізіледі», - деп хабарлады перинаталдық орталықтың баспасөз қызметі.

Атырау облыстық перинаталдық орталығы былтырғы қазан айында коронавирус инфекциясы тараған кезде салынған модульдік ауруханаға уақытша көшірілген болатын. Ал, модульдік аурухана Атырау қаласының аумағынан тысқары орналасқан.

«Қазіргі уақытта облыстық перинаталдық орталықтың бұрынғы ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Күрделі жөндеу жұмыстары аяқталған соң перинаталдық орталық бұрынғы мекенжайына көшіріледі. Жөндеу жұмыстарын аяқтау, орталықты қайта көшіру мерзімі қазан айына жоспарланған», - деп мәлімдеді перинаталдық орталықтың баспасөз қызметінен.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын аталған орталықтың дәрігерлері баланы перзентханадан шығарарда шоу ұйымдастырған дұрыс емесін айтып, ұсыныс жасағанын жазған едік.

«Әрине, нәрестені үйге шығару – зор қуаныш. Дегенмен, әр нәрсенің өз орны, шегі болуы керек. Перзентхананың алдында той-думан ұйымдастырмай, нәрестені шығарып алуға 2-3 туысы, жақын адамдары келсе... Жылдың төрт мезгілінде болатын ыстық пен суықтың, желдің жайсыз әсерінен ана мен баланы сақтап, үйіне аман-есен жеткізіп, қуанышты өз шаңырағында тойласа, игі іс болар еді», - деп ұсыныс жасаған еді дәрігерлер.