Астанада Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінде Ұлттық ұлан әуе эскадрильясының жеке құрамын қарсы алу салтанаты өтті.
Астанада Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінде Ұлттық ұлан әуе эскадрильясының жеке құрамын қарсы алу салтанаты өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ. Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталмыш шараға Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов, астаналық жедел бригаданың жеке құрамы қатысты.
Ұлттық ұлан авиациясы – жеке құрамды, әскери және арнайы техниканы, қару-жарақ пен басқа да материалдық ресурстарды тасымалдайтын, әуе іздестіру жұмыстарын ұйымдастыратын, әскер мен құқық қорғау органдарының өз міндеттерін орындау кезінде апаттық және төтенше жағдай режимін қамтамасыз ететін және өзге де қызметтік міндеттерін атқаратын жеке дара авиациялық эскадрилья болып табылады. Әскери бөлім алаңында салтанатты сап түзеп тұрған әуе эскадрильясының жеке құрамы алдында сөз сөйлеген Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов осы міндеттерге баса назар аударды.
– Ұлттық ұлан әуе эскадрильясы – 3656 әскери бөлімнің елордамыз Астана қаласына қоныс аударуы тарихи оқиға. Құқықтық тәртіп әскерінің тарихында әскери ұшқыштар Алматыдан Астана қаласына алғаш рет келіп отыр. Бұл қадамға біз Елбасы мен мемлекет тарапынан қойылған тапсырмаларды жылдам әрі тез орындау үшін бардық. Ұлттық ұлан авиациясы болашақта Астана қаласынан еліміздің кез келген нүктесіне жеке құрам мен арнайы техниканы жеткізетін мобильді құрылымға айналады деп білемін, – деген генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов Ұлттық ұланның әуе эскадрильясы болашақта ең озық авиациялық құрылымға айналатынына сенім білдірді.
Шара барысында әскери бөлімнің орнын ауыстыруға атсалысқан бірқатар әскери қызметшілер салтанатты жағдайда Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы тарапынан марапатқа ие болды.
Сонымен қатар, генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов 5573 әскери бөлімнің базасында орналасқан әуе эскадрильясының қызмет орнын аралап, тұрмыс-тіршілігімен танысты. «Барлық жағдай жасалды, енді абыройлы қызмет атқарыңдар», – деп өз сөзін қорытындылады.
3656 әскери бөлім Үкімет тапсырмасы бойынша әскерлерді тасымалдау мен 1992 және 1998 жылдар аралығында тәжік-ауған шекарасына жүктерді жеткізу сияқты тапсырмаларды орындаған. Сонымен қатар, 1992-1996 жылдар аралығында ІІМ-нің маңызды тапсырмаларын атқарған. 22 рет МИ-8 МТВ тікұшақ экипажы «МАК» арнайы операциясының өтуін қамтамасыз еткен. 26 жыл ішінде жауапты тапсырмарларды орындауда үлкен жауапкершілік танытты. Жеке құрамды тасымалдау, қаруландыру, жауынгерлік және арнаулы техника, материалдық құндылықтар, әуе іздестіру, жараланғандар мен науқастарды оқшаулау секілді маңызды тапсырмаларды мінсіз орындады.
Айтып өту керек, 2015 жылы Астананың халықаралық әуежайы маңында Ұлттық ұлан әуе базасының құрылысы басталған болатын. Бірінші кезекте жаңа нысан, әскердің мобильді тиімділігін арттыруға, төтенше және басқа да жағдай кезінде міндеттерді атқару үшін біздің еліміздің кез келген нүктесіне әскердің бөлімшелері мен техникасын тасымалдауға мүмкіндік береді. Алматыдан Астанаға қоныс тепкен 3656 әскери бөлім алдағы уақытта жаңа әуежайда толығымен орналасатын болады.