​Ауыл шаруашылығы санағы бойынша пилоттық жоба өтетін қалалар мен елдімекендер анықталды

0
900

Ақпарат жүйелерінің, оның ішінде интернетке қосылмау сияқты түрлі жағдайдағы жұмыс ретін тексеру үшін әр аймақтан елдімекендер таңдалды.


​Ауыл шаруашылығы санағы бойынша пилоттық жоба өтетін қалалар  мен елдімекендер анықталды

ERNUR.KZ. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев 2024 жылғы 27 наурызда Үкіметте вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен 2025 жылы ауыл шаруашылығы санағын өткізу мәселелері жөніндегі жиналыста хабарлады.

"Ауыл шаруашылығының пилоттық санағын өткізу қағидаларының жобасы әзірленді, «Атамекен» ҰКП және салалық қауымдастықтардың қатысуымен фокус-топтардың отырыстары өтті, санақ үшін елдімекендердің цифрлық карталарын ұсыну немесе әзірлеу мәселелері пысықталып, мобильді және веб-қосымша әзірленіп жатыр", – деп хабарлады Мақсат Тұрлыбаев.
Ауыл шаруашылығы санағының пилоттық жобасы биыл тамыз айында басталады, ол үшін Ұлттық статистика бюросы интервьюерлерді сырттан тартпай-ақ, аумақтық бөлімше қызметкерлерінің күшімен санақты іріктеу негізінде өткізеді. Пилоттық жоба аясында 2 ауыл және 1 қаладан барлық өңір қамтылады.
- Санақ интернет арқылы онлайн режимде арнайы сайтта және респонденттер арасында сауалнама жүргізу арқылы өтетін болады. Мұндағы мақсат – әдіснаманы, ақпараттық жүйелер мен бағдарламалық қамтамасыз етуді, санақ парақтарын және далалық жұмыстардың ұйымдастырылуын, интернет сапасын және интернет болмаған жағдайдағы жүйелердің жұмысын сынақтан өткізу – деп қосып өтті ҰСБ басшысы.
Мысалы, ауыл шаруашылығы санағының пилоттық жобасын өткізу үшін ШҚО-да Шемонаиха қаласы, Павлодар облысында Ақсу қаласы, Бірлік пен Қарақұдық ауылдары, Түркістан облысында Сарыағаш, Ынтымақ, Кершетас таңдалды. Пилоттық жоба республикалық маңызы бар қалаларда да өткізіледі. Атап айтқанда, Алматыда – Көлсай шағын ауданында, Астанада –Күйгенжар тұрғын алабында, Шымкентте – Ақжарда.
Қазір ҰСБ дербес деректерді қоса алғанда, қажетті деректерді ЖМБМК, СБМАЖ, АШТМТ, АШЖБ ақпараттық жүйелерінің көмегімен үздіксіз алу мәселелерін, картографиялық материалдардың (елдімекен карталары мен схемалық жоспарлардың) цифрланған түрін ұсыну және басқа да ұйымдастырушылық және қаржылық мәселелерді пысықтап жатыр. Серік Жұманғарин пилоттық жобаны белгіленген мерзімде – 2024 жылдың тамызында уақтылы және толық бастау үшін туындаған мәселелерді шешуді жеделдетуді тапсырды.