Фотоға «Жаны ашыған кісі осындай болсын!» дескен пікірлер легі көп болды.
фото: фейсбук әлеуметтік желісінен
Қоғамдық автобустың жыртылып қалған орындығын тігіп қалпына келтіріп қойған жолаушы әйелдің әрекеті түскен фото әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Фотода артқы орындықта отырған әйел өзінің алдындағы арқалықтың тысы жыртылып қалғанын байқап, сөмкесінен ине мен жіп алып тігіп қойған.
Бұл фотоны көрген әлеуметтік желі қолданушылары игі іс жасаған жанға алғысын айтып, разы болысты.
«Мұндай адамдар әлі де бар екен-ау», «Түгендеп жүретін кісілер әлі де бар екен», «Қолына дерт бермесін! Қоғамдық көлікке әрқайсымыз осылай өз меншігіміздей қарасақ...», «Ине-жіпті салып жүргенін айтсаңызшы», «Жаны ашыған кісі осындай болсын!» дескен пікірлер легі көп болды.
Сонымен қатар, «Әрине, әйелдің ісі құптарлық, қолы дерт көрмесін. Бірақ біздің кей көлік иелері жолаушыларды отырған орнының жыртық-тесігін жамап тұруға міндеттеп қоюдан тайынбайды» қоғамдық көліктерге қатысты сын айтқандар да болды.
Суреттің қай қалада түсірілгені белгісіз.