Қазақстанда жыл басынан менингококк инфекциясынан 12 адам көз жұмды

0
1 285

Министрдің айтуынша, қайтыс болғандардың төртеуі - төрт жасқа дейінгі балалар.


Қазақстанда жыл басынан менингококк инфекциясынан 12 адам көз жұмды

Қазақстанда биыл жыл басынан бері менингокок инфекциясымен 58 адам ауырып, 12 адам қатерлі дерттен көз жұмды деп хабарлады денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 4 маусымда Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде өтіп жатқан брифингте.

Министрдің айтуынша, қайтыс болғандардың төртеуі - төрт жасқа дейінгі балалар. Біртанов былтыр менингококк инфекциясын 162 адам жұқтырып, 11 адам көз жұмғанын айтып, инфекция жұқтырғандар мен одан қайтыс болғандар көрсеткіші жылдағы шегінде екенін айтты.

Оның сөзінше, менингококк инфекциясының таралу деңгейі төмен, карантин енгізуге әзірге себеп жоқ, дәрігерлер жағдайды бақылауда ұстап тұр.

Мамырдың ортасынан бері Алматыда менингококк инфекциясынан бес адам (екеуі - балалар), Алматы облысында үш адам, Қызылорда облысында бір адам қайтыс болғаны хабарланған.

Менингокок инфекциясын Neisseria meningitidis бактериялары қоздырады, ауру түрлі клиникалық белгілермен пайда болады – инфекцияны таратушыда оның белгілері білінбеуі де мүмкін немесе мұрын-жұтқыншақ қабынуы, ми қабығының қабынуы және менингококтық сепсис түрінде өрбиді деп ескертеді дәрігерлер.

дереккөз: azattyq.org