Байбек сынға жауап беріп, Назарбаев туралы айтты

0
703

​Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек бейнебайланыс режимінде өңірлік филиалдармен жиналыс өткізді.


Байбек сынға жауап беріп, Назарбаев туралы айтты

ERNUR.KZ. Онда жергілікті жерлерде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың таяуда өткен Парламент Мәжілісінде қойған міндеттерін орындауда қоғамдық және партиялық қолдауды қамтамасыз ету жөнінде айтылды. Бұл туралы партияның баспасөз қызметі өкілі мәлімдеді, деп жазады Tengrinews.kz.

Жиналыс басында қатысушылар қаңтардағы қасіретті оқиға кезінде қаза тапқандарды еске алды.

Өз сөзінде Бауыржан Байбек еліміз ауыр сынақты бастан өткергенін айтты. Мемлекет басшысының батыл іс-әрекетінің, халқымыздың даналығының арқасында осы қиын сәтте ел егемендігі мен тәуелсіздігін сақтап қалғанымызды айтты.

"Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқандай, "тәуелсіздік тарихында алғаш рет өте күрделі және қауіпті кезеңге тап болдық". Тағы бір мәрте қаза тапқан отандастарымыздың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын. Зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тілеймін. Ең бастысы - елдегі бейбітшілік пен келісім, азаматтардың қауіпсіздігі екеніне тағы да көз жеткіздік. Қираған мүлік қалпына келер, өртенген ғимараттар қайта жасалар, бірақ жүрегімізге түскен сызат ешқашан өшпейді", - деді Бауыржан Байбек.

Оның айтуынша, "Nur Otan Мемлекет басшысы алға қойған әлеуметтік-экономикалық саладағы міндеттерді орындау үшін өзінің барлық ресурсын жұмылдырған". Бауыржан Байбек осы уақыт аралығында, оның ішінде қаңтар трагедиясын есептегенде, Nur Otan партиясы қоғамдық қабылдаулары үздіксіз жалғастырғанын ерекше айтты. "Халық сақшысы" қоғамдық жасағы құрамында партияның бірнеше мың белсендісі Алматы қаласының әскери, полиция қызметкерлері мен коммуналды сала қызметкерлеріне көмек көрсетіп, қоғамдық тәртіпті орнатуға көмектескен. Сонымен қатар, Алматыда партия еріктілері 155 милион теңгеден аса сомаға түрлі көмек көрсеткен.

"Партияның барлық мүмкіндігі мен күш-жігері Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың алға қойған міндеттерін сапалы орындауға бағытталуы тиіс. Бұған партияның барлық қажет құралы бар. Мысалы, былтыр барлық деңгейде құрылған 1,7 мыңнан аса қоғамдық кеңес жұмысын ретке келтірдік. Құрамында 12 мыңнан аса адам, оның ішінде қоғамдық белсенділер, үкіметтік емес ұйым мүшелері, депутаттар, кәсіпкерлер, БАҚ өкілдері мен блогерлер бар. Олар былтыр халықтың қиын мәселелерін шешуге ықпал еткен көптеген маңызды ұсыныс енгізді. Сондықтан Nur Otan жанындағы қоғамдық кеңестер тікелей жергілікті жерлерде Президентіміздің тапсырмаларын сапалы орындауға ықпал ете алады және ықпал етуі тиіс", - деді ол.

Партия төрағасының бірінші орынбасары ақпанда Nur Otan партиясы депутаттарының қоғамдық рейтингін қалыптастыру үшін ашық форматта платформа іске қосылатынын мәлімдеді.

"Қоғамдық рейтинг мәслихат депутаттарын халықпен етене араласып, сайлаушылармен тұрақты түрде байланыс орнатуға ынталандыру үшін жасалған болатын. Осы оқиғалар бұл бастаманың қаншалықты өзекті әрі маңызды екенін көрсетті. Халық қалаулылары ең алдымен халықпен қоян-қолтық жұмыс істеуі тиіс. Ашық түрде, елмен етене жұмыс істейтін, қоғамдық жауапкершілікті мойнымен көтере алатын білікті депуттарымыз бен резервтегі белсенді партияластарымыз халық талабына сай лайық бағасын алуы тиіс. Былтыр қыркүйектен бастап бұл механизм барлық өңірде сынақтан өтті. Ақпаннан бастап қоғамдық рейтинг нәтижесін тұрақты түрде жариялап отырамыз", - деп мәлімдеді Бауыржан Байбек.

Кездесу барысында партия төрағасының бірінші орынбасары Тұңғыш Президенттің ел тарихындағы роліне арнайы тоқталып, әлеуметтік желілерде партия атына айтылып жатқан сындарға да жауап берді.

"Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы "Күш – бірлікте!" деп барлығымызды ортақ мақсат жолында топтасуға шақырып отыр. Қазақ "жұмыла көтерген жүк жеңіл" дейді. Nur Otan партиясы ел бірлігі мен ішкі тұрақтылықты сақтау маңызды екенін үнемі айтып келеді. Партия ту еткен осы мәселелердің қаншалықты маңызды екенін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Осындай қиын-қыстау кезде партия жұмысынан мін іздеп, "Парламент таратылсын, партия таратылсын" деген мағынада әңгіме таратып жүргендер бар. Мұны айтушылар - Nur Otan партиясы мемлекеттіліктің, елдіктің негізгі қоғамдық-саяси тірегінің бірі екенін мүлдем түсінбейтіндер. Nur Otan партиясы құрылғаннан бері Қазақстан мемлекеттілігін сақтау үшін, қоғам бірлігін бекем ету үшін жұмыс істеп келеді. "Ұлы істер үндемей бітеді" демекші, бұл - даңғойлыққа салуға болмайтын, көзге көрінбейтін істер. Сондықтан айтылған қисынды сынды көтере біліп, ал жүйесіз сөзге мән бермей, бел шешіп жұмыс істегеніміз жөн", - деді ол.

Оның айтуынша, қазір Тұңғыш Президентіміз туралы да небір пікір айтушылар көбейген. Тарих безбеніне салсақ, кез келген оқиғаның, не тұлғаның роліне бірыңғай оң не болмаса тек қана теріс деп баға беруге болмайды. Мысалы, Түркияның тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ататүрік туралы да қарама-қайшы пікірлер көп. Бірақ, ол замануи түрік мемлекетінің негізін қалаушы тарихи тұлға болып қала бермек.

"Өткенге баға беру әркімнің қолынан келеді, бірақ ақиқат пен жалғанды ажырату әркімнің өз ар-ұятына байланысты. Ең қиын кезеңде, яғни біз мемлекет боламыз ба, болмаймыз ба деген сонау алмағайып 90-жылдары Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан Тәуелсіз мемлекет болып қалыптасты, етек-жеңін жиды. Төңірегімен терезесі теңесті. Жалпы әлемдік қауымдастық мойындады. Елбасы мен сол кездегі аға ұрпақтың 30 жыл бойы мемлекеттіліктің іргесін бекітіп, шекарасын шегендеп, территориясының тұтастығын сақтауға сіңірген ерен еңбегі ұлт тарихында өз оң бағасын алары сөзсіз. Ал осы жылдары кетеуі кеткен дүниені тезірек түзеуіміз керек. Ол - сөзсіз. Президент жариялаған реформалардың да мәні - осы. Бірақ, Мемлекет басшылығынан кеткен Нұрсұлтан Назарбаевты жата жамандау - елдігімізге, азаматтығымызға сын", - деді ол.

Бауыржан Байбек 30 жылға енді толған Тәуелсіздігімізді баянды ету үшін қазақстандық қоғамда мемлекеттілік дәстүрін, оның ішінде билік сабақтастығын қалыптастыра білуіміз шарт екенін айтты.

"Қазір елдігімізді сақтау, барды ұқсату аса маңызды. Сондықтан Елбасы құрған Nur Otan партиясы елдің бірлігі мен қоғамның тұрақтылығына бағытталған жұмысын одан әрі жалғастыруы керек. Қазір алда болатын кезектен тыс съезд жұмысына дайындықты бастап кеттік. Қаңтардың қасіретті күндерінде Елбасы баршамызды Президенттің маңайына топтасып, ел амандығы мен бірлігін сақтап қалу үшін бірге әрекет етуге үндегенін баршаңыз білесіздер. Кім не десе де, Nur Otan партиясы - Президент жариялаған реформаларды толық және сапалы жүзеге асыруға әлеуеті толық жететін бірден-бір қоғамдық-саяси күш. Партиямыз Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді орындау үшін бар күш-жігерін - қоғамдық ұйымдарды, депутаттық фракцияларды, түрлі қызметте жүрген 800 мыңға тарта мүшені ортақ мақсатқа жұмылдыруға дайын", - деп түйіндеді ол.

Отырыс барысында Алматы қаласы, Маңғыстау, Жамбыл облыстық филиалдары төрағаларының бірінші орынбасарлары, сонымен қатар Jas Otan жастар қанатының төрағасы қазіргі таңда партия тарапынан жергілікті әкімдіктерге инфрақұрылымдарды қалпына келтіру, қоғамдық тәртіпті нығайту, волонтерлар қызметін үйлестіру және басқа да атқарылып жатқан жұмыстар бойынша ақпарат берді.