Baiqonyr International Short Film Festival-ге қатысуға өтінім қабылдау аяқталды

0
1 176

Биылғы жылы ұлттық байқауға қатысуға 170-тен астам жұмыс келіп түскен.


Baiqonyr International Short Film Festival-ге қатысуға өтінім қабылдау аяқталды

ERNUR.KZ. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының қолдауымен үшінші рет өткізілгелі отырған Baiqonyr International Short Film Festival-ге қатысуға өтінім қабылдау аяқталды, деп жазады egemen.kz.

Биылғы жылы ұлттық байқауға қатысуға 170-тен астам жұмыс келіп түскен. Бірақ, 22 фильм ғана Baiqonyr ISFF бағдарламасына енді. Іріктеуді кинотанушылар – Ержан Жұмабеков, Бекжан Байгенжеев және режиссер Олжас Исаев жүргізді.

Ұлттық байқау «Көркемсуретті кино» және «Деректі кино» секциясынан құралды. «Өкінішке қарай, биылғы жылы анимациялық кино секциясы өткізілмейді. Өйткені бағдарламаны құрауға өтінімдер жеткілікті болған жоқ. Менің ойымша, бұл мәселеге назар аударған жөн. Себебі, қысқаметрлі анимациялық фильмдердің өндірісі қиын жағдайда. Baiqonyr ISFF көрсеткіші осыған дәлел», - деді фестивальдің бағдарлама директоры Ержан Жұмабеков.

«Деректі кино» секциясы бойынша көрсетілетін фильмдердің ішінде Айша Сәлімгерееваның «Meraki», Камилла Бердімұратованың «Тақсыр», Надира Садуованың «Остров Крым», Рабиға Орынбасарованың «Ханские танцы», Нұрқадір Үрімханның «Қарғалар», Нұрали Шакиров және Арай Алтаеваның «Кардиохирург», Жадыра Жұмакүлбаева мен Диас Балмағанбеттің «Focus» фильмдері бар. Идеясы жағынан әр алуан, бір-біріне ұқсамайтын түрлі тақырыпты қамтыған «Көркемсуретті кино» секциясына ұсынылған фильмдердің саны да биылғы жылы мол көрінеді, айталық: Әмір Әменовтің «Жаздың салқын түні», Әлішер Жәдігеровтің «Қағаз тікұшақ», Іңкәр Кәрімнің «Танго», Талғатбек Әбішевтің «Желтое платье», Еламан Шаубановтың «Бауыр», Мәди Балжановтың «Статус не свободен», Азамат Шарғынның «Макс», Самғар Рақымның «Дипломмен – ауылға», Жарқын Тлеухордың «177», Нұрмахан Телжан мен Темірлан Ердаулетовтің «Покой», Темірлан Арысбаевтың «Ізбасар», Нұрбол Ерболұлының «Masa», Мырза Байсамбековтің «Удобрение», Армат Тельмановтың «Айып» фильмдері фестиваль жүлдесінен үміткер.

Baiqonyr ISFF 2019 жылдың 4-8 қыркүйек аралығында Kinoplexx Sary Arka кинотеатрында өтеді. Бас серіктес - Kinoplexx Theaters. Серіктес - Visit Almaty және Алматы қаласының Туризм басқармасы. Фестиваль ұйымдастырушысы – «Бродвей» кинопорталы.