Бал арасын сатып алуға несие беріледі

0
1 526

Бұл несиелерге қол жеткізудің алғашқы шарты - бизнес әліппесін арнайы курстан үйрену.


Бал арасын сатып алуға несие беріледі

ERNUR.KZ. Шығыс Қазақстанда ауыл бизнесін қолдауға берілетін несиелерге құжат қабылдау басталды, деп жазады ҚазАқпарат.

Ауыл шаруашылығын қолдау несиелері «Еңбек» және «Нәтижелі жұмыспен қамту» бағдарламалары арқылы берілмек.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының облыстық филиалы барлық аудандарда өтінім қабылдауды бастап кетті. Ауылда кәсіп ашқысы келгендерге «Игілік» бағдарламасы арқылы ірі қара немесе ұсақ мал, түйе мен құс та сатып алуына болады. Ал «Бірлік» бағдарламасы арқылы бал арасына несие береміз» - дейді филиал директоры Арман Рауылбаев.

Оның айтуынша, несие берер кезде әр саланың ішкі ерекшеліктері ескеріліп, әрбір өтінім берушімен жеке сұхбат жүргізілмек. Қордың мамандары аудан-ауданды аралап, елден өтініш қабылдауға кірісіп кеткен. Жалпы өңірдегі шағын және орта бизнесті жаппай дамыту мақсатына биыл 5 млрд теңгеден астам қаражат бөлу жоспарланған. «Еңбек» бағдарламасы бойынша «Игілік», «Кәсіпкер», «Егінжай» несие өнімдері берілсе, етті мал шаруашылғын қолдау мақсатында «Сыбаға» бағдарламасының несиелері ұсынылады.

Өңірдегі сүт өндірісін қолдау үшін «Ырыс» бағдарламасы қолға алынбақ. Былтыр осы «Еңбек» бағдарламасының аясында ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры облыстағы шаураларға 5,2 млрд теңгенің 1 706 несиесін берген болатын.

Бұл несиелерге қол жеткізудің алғашқы шарты - бизнес әліппесін арнайы курстан үйрену. Ал Аграрлық несие корпорациясы ауылды жерлерде аграрлық саламен қатысы жоқ бизнес-жобаларға да несие бермек. Өткен жылы бұл ұйым «Еңбек» бағдарламасы бойынша шығысқазақстандық несие серіктестіктері арқылы 853,8 млн теңгенің 176 несиесін үлестірген. Биыл бұл сома 1,3 млрд теңгеге көбейтіліп отыр. Аталмыш қаражатқа 255 жоба қаржыландырылмақ. Оның 54-і стартап-жобалар болса, қалғаны бизнесті жаңа бастаушыларға бағытталады.