Балабақшада ұрлана жаздаған баланың анасы тәрбиешінің бұл қылмысты жалғыз жасағанына сенбейді

0
1 185

Қамауға алынған тәрбиеші өзін ешкімнің де жалдамағанын айтып, кешірім сұрағаннан басқа артық тіс жармай отыр.


Балабақшада ұрлана жаздаған баланың анасы тәрбиешінің бұл қылмысты жалғыз жасағанына сенбейді

фото: кадрдан скриншот

ERNUR.KZ. Алматыда №96 балабақшада ұрлана жаздаған баланың анасы Лаура Мусина тәрбиешінің бұл қылмысты жалғыз жасағанына сенбейді. Өйткені, қамауға алынған Саягүлді көптен бері танитынын және мұндай опасыздыққа өздігінен баруы мүмкін еместігін айтады. Сондай-ақ, тәрбиеші жазаға тартылғанымен артында жасырынған сыбайластары өзге балабақшалардан бала ұрлап, бопсалауды жалғастыруы мүмкін деп күдіктенеді, деп жазады ktk.kz.

Осы орайда кішкентайынан көз жазып қала жаздаған ана құқық қорғау органдарынан істі қадағалап, ақиқатын анықтауды сұрап отыр.

"Балаларымның қазіргі психологиялық жағдайы өте нашар. Бәрінен қорқып қалған. Үйден шығуға да қорқады. Есікті жауып қой дейді. Түнімен ұйықтамайды. Мен бір жаққа шығып жатсам, «қайда кеттің?» деп жылайды. Соның бәрін енді кім қалпына келтіреді. Көріп тұрмын, жалғыз бармаған. Бұның артында біреу бар. Сол адамды табу керек. Осымен болды деп, жауып қоя салуға болмайды. Ертең ол басқа балабақшаға барып, басқа баланы алып кетеді. Тағы бірнеше отбасы зардап шегуі мүмкін", - дейді Әлиханның анасы Лаура Мусина.

Қамауға алынған тәрбиеші өзін ешкімнің де жалдамағанын айтып, кешірім сұрағаннан басқа артық тіс жармай отыр. Сондай-ақ, Лаура Мусина өздерінің ауқатты болуы осы ұрлыққа басты себеп екеніне сенімді. Тәрбиеші қамауға алынғанмен, алаңдаған ананың көңілі көншімей тұр. Бұл ұйымдасқан топтың қылмысы деген ойынан танбайды. Осы жайттан кейін балабақшадағы тәртіп одан әрі күшейтілмек.

Айта кетейік, өткен аптада Алматыдағы №96-шы балабақшадан бүлдіршінді алып кетпек болған бейтаныс келіншек ұсталды. Кейін оның осы мекемеде тәрбиеші болып қызмет атқаратыны анықталды. Қазір тергеу жүріп жатыр.

"Алматы қаласында бүкіл мемлекеттік балабақшаларда видеокамералар қойылған. Есіктер домофон арқылы жабылады. Балабақшадағы әр топта ата-ананы тіркеу журналы болады. Баланы әкелген кезде сол журналға қолын қойып кетеді. Кешке жақын баланы алып кеткен кезде тағы қолын қояды. Ал бүлдіршінді басқа адам алатын кезде ата-ана өзі қолхат жазып, меңгерушінің атына және отбасында басқа бөтен адам болса, нотариуспен бекітіп, бізге сол құжатты беруі керек. Мұндай талап бұрыннан болған. Енді сақтану шараларын тағы да күшейту жайы қарастырылып жатыр", - Алматы қаласы Білім басқармасы мектепке дейінгі бөлімінің басшысы Әлия Сағиева.