Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Алматыдағы балабақшалардың бірінде құрдастарының баланы аяусыз ұрып-соғуына қатысты пікір білдірді.
Ол балабақшада бір топ бүлдіршінді ұрып-соғу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, ата-анасы да әкімшілік жауапкершілікке тартылып жатқанын айтты.
"Алматы қаласының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Диана Ерлан зардап шеккен баламен бірге ауруханада жатыр. Бала әжесімен бірге. Жағдайы орташа ауыр. Қазір мән-жай зерттеліп, мінез-құлық пен қатыгездіктің себептері көрсетіліп жатыр", – деп жазды Динара Зәкиева Instagram-дағы Stories-інде.
23 ақпанда Алматыдағы балабақшадағы бүлдіршіннің соққыға жығылған сәтінен түсірілген видео Қазнетті елең еткізді. Әлеуметтік желіде тараған кадрларда бірнеше бала бір топтағы достарын аяусыз соққыға жыққан. Зардап шеккен баланың ата-анасының айтуынша, оқиға 21 ақпанда балалар мұғалімнің қарауынсыз қалған кезде болған. Балабақша директоры мен мұғалім жазаланып, полиция қылмыстық іс қозғады.