Мұқабасы жып-жылтыр кітаптарды 6-сыныптың оқушысы лагерден алып келген.
Ақтөбеде бейтаныс адамдар балаларыңды тегін лагерге жіберіңдер деп, ата-аналарды алдап-арбап, артынша діни кітаптар үлестірген. Қазір құзырлы органдар «атымтай жомарттардың» кімдер және олардың көксегені не екенін анықтап жатыр. Ал балаларға тегін таратқан әдебиеттердің мазмұнын мамандар тексеретін болады, деп хабарлайды ERNUR.KZ Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Бұл видеоның әлеуметтік желіге жариялануы сол-ақ екен, қызу талқыға түсті. Жазбада белгісіз ер адам жағдайдың Ақтөбеде болғанын баяндайды. Мұқабасы жып-жылтыр кітаптарды 6-сыныптың оқушысы лагерден алып келген. Ең сорақысы, оқушылардың анасы жалғызбасты келіншек балалардың қайда барып, қалай демалып жүргенінен тіпті хабарсыз болыпты.
"Анасына белгісіз біреулер парақшалар беріп, бесплатно, әшейін лагерге келуге болады деген. Сонымен, анасы күнделікті машинаға салып жіберіп отырған. Олардың не айтқандарын бала нақты білмейді, ойын ойнадық, тамақ іштік, қайттық дейді. «Нұр» деген лагерге барған. Кітапты соңғы пятница , біткен күні пакетке салып берген" - дейді №71 орта мектеп директорының міндетін атқарушы Лаура Досқожа.
Ол демалыс орнынан қаладағы білім беру мекемесі де бейхабар. Мекен-жайын да ешкім білмейді. Мәселенің мән-жайын қазір тиісті орындар анықтап жатыр. Мектеп басшылығы болса, осы жағдайдан кейін теологтар мен арнайы ұйымдардың мамандарын шақырып, тәрбие сағаттарын өткізуді қолға алған. Ал облыстық дін істері басқармасының басшысы болса, тәркіленген әдебиеттерді әлі өзім көргенім жоқ деді. Дегенмен, кімдерге тиесілі болуы мүмкін деген болжамын айтты.
"Біздер қазір бұл діни кітаптарың қайда таратылғанын, қандай діни бірлестік бергенін анықтап жатырмыз. Білуімізше, бұл діни бірлестік Інжілдік-христиан баптистік ұйым. Бұл діни бірлестік 2012 жылы ресми тіркелген" - дейді Әлімбек Тұралиев, облыстық дін істері басқармасының басшысы.
Басқарма басшысы егер діни ұйым өкілдері әдебиеттерін көшеде емес, ғибадатханаларының ішінде тарататын болса ол заңға қайшы еместігін айтты. Дегенмен, болған жайтты егжей-тегжей тексеріп, барлық жайтты анықтайтын боламыз деп отыр.