Балалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақыны тағайындау тәртібі өзгертілді

0
1 017

Көпбалалы отбасына берілетін жәрдемақы Мемлекеттік корпорация арқылы жәрдемақы тағайындау жөніндегі уәкілетті органға өтініш берген күннен бастап тағайындалады.


Балалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақыны тағайындау тәртібі өзгертілді

ERNUR.KZ. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен балалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақыны тағайындау тәртібіне өзгерістер енгізілді, деп жазады ҚазАқпарат.

«Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау және төлеу қағидаларын бекіту туралы» 2015 жылғы 5 мамырдағы № 319 бұйрыққа біршама өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Жалпы балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақыларға мынадай түрдегі ақшалай төлем түрлері жатады:

- бала тууға байланысты тағайындалатын және төленетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы (бұдан әрі - бала туғанда берілетін жәрдемақы);

- бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты тағайындалатын және төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы (бала күтімі бойынша жәрдемақы);

- құрамында бірге тұратын кәмелетке толмаған төрт және одан көп баласы, оның ішінде кәмелеттік жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (бірақ 23 жасқа толғанға дейін) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын балалары бар көпбалалы отбасыларға тағайындалатын және төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы (бұдан әрі - көпбалалы отбасыға берілетін жәрдемақы);

- мүгедек баланы (мүгедек балаларды) тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қамқоршыға (қорғаншыға) тағайындалатын және төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы (мүгедек баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақы);

- бала кезінен бірінші топтағы мүгедектің күтімі бойынша тағайындалатын және төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы (бала кезінен бірінші топтағы мүгедектің күтімі бойынша жәрдемақы);

- «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға тағайындалатын және төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы (көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы).

«Бала туғанда берілетін және бала күтімі бойынша жәрдемақыларды тағайындау үшін өтініш беруші Мемлекеттік корпорация немесе портал арқылы жәрдемақы тағайындау жөніндегі уәкілетті органға «Бала туғанда берілетін және бала күтімі бойынша жәрдемақыларды тағайындау» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартында көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып, өтінім беруі тиіс», - делінген құжатта.

Өтініш берушінің электрондық өтінішінде көрсетілген өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат, баланың (балалардың) туу туралы куәлігі (куәліктері) немесе азаматтық хал актілерін жазу органдары берген туу туралы актілік жазбадан үзінді көшірме немесе азаматтық хал актілерін тіркеу туралы анықтаманың мәліметтері, неке қию (ерлі-зайыптылық), некені бұзу туралы куәлік, балаға қамқоршылық (қорғаншылық) белгіленгенін растайтын құжат немесе туу туралы актілік жазбадан бала асырап алу туралы мәліметтер, тұрғылықты жері бойынша тіркелуі туралы мәліметтер мемлекеттік органдардың және ұйымдардың ақпараттық жүйелеріне сұрау салуларға сәйкес «электрондық үкімет» шлюзі арқылы тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынады.

Бала тууды тіркеген кезде көрсетілетін қызметті алушының таңдауы бойынша «Бала туғанда берілетін және бала күтімі бойынша жәрдемақыларды тағайындау» мемлекеттік қызметі «бір терезе» қағидаты бойынша көрсетіледі.

Көпбалалы отбасына берілетін жәрдемақы Мемлекеттік корпорация арқылы жәрдемақы тағайындау жөніндегі уәкілетті органға өтініш берген күннен бастап тағайындалады. Жүгіну күні өтініш берген күн болып есептеледі.

Көп балалы отбасына жәрдемақы тағайындау кезінде отбасы құрамында тірі туған, асырап алынған, сондай-ақ қорғаншылыққа алынған балалар, егер олар басқа ата-анасының отбасында ескерілмеген болса, жиынтық балалар ескеріледі.