Бас имам қой бағасына қатысты сөзіне жауап берді

0
727

Ерболат Жүсіпов "Құрбандыққа бір жасар қой ғана жарайды деген талап орынды ма?" деген жазбаға жауап қайтарды.


Бас имам қой бағасына қатысты сөзіне жауап берді

ERNUR.KZ. Бүгін "Әзірет Сұлтан" мешітінің бас имамы Ерболат Жүсіповтің онлайн брифингте "35-40 мың теңгенің қойлары шариғат талабына сай келмейді" деген сөзі әлеуметтік желіде қызу талқыланды, деп жазады baq.kz.

Осыған орай, бас имам әлеуметтік желідегі кейбір жазбаларға қатысты мәселені түсіндірді.

"Әлеуметтік желіде Қазыбек Иса мырзаның "Құрбандыққа бір жасар қой ғана жарайды деген талап орынды ма?" деген жазбасына жауап қайтаруды жөн санап отырмын. Мен бүгінгі брифинг барысында: "Бұл жерде қойдың жасына назар аудару керек. 6 айға жетпеген, арықтау тоқтылардың өзін 35-40 мыңға алуларыңыз мүмкін. Бірақ қой мен ешкі 1 жасар болуы керек", – деп атап айттым. Бұл мен ойдан шығарған меже емес, қой түлігіне қойылатын шариғат талабы осы. Сондай-ақ, дәл қазіргі елорда базарларындағы мал бағасы да осы болып тұр", – деп жазды бас имам.

Оның айтуынша, жыл бойы бір бағаны ұстап келіп, Құрбан айт қарсаңында күрт қымбаттатып жіберетін саудагерлер үшін де имам-молдаларды жазғыра берудің еш жөні жоқ.

"ҚМДБ қызметкерлерінің ұйымдастыруымен жыл сайын жер-жерде қайырымдылық акциялары өткізіліп, қаншама халық қасиетті Құрбан айт шарапатын сезініп келеді. Айтқан ауызға оңай, бірақ сол жаңағы мыңдаған малды құрбан шалуды ұйымдастыру бар, оны мұқтаж отбасылардың үйлеріне жеткізу бар, оның сыртында қаншама қыруар шаруасы (құрбандық малын іздестіру, сою жұмыстары, арнайы орындармен келісу, қасапшылар даярлау т.б.) тағы бар. Осы орайда, Елорда өкілдігі бойынша бекітілген 50 мың теңге – қала базарларындағы шариғат талаптарына сай келетін қой бағасы болып тұр. Бұл тұста тағы да түсіндіре кететін жайт, мал базарларда бүгінгі таңда сіз айтқан 35-40 мың теңгеге, әрине, тоқты сатып ала аласыз. Алайда, ол тоқтыңыз арықтау боларына әрі бір жасар қойдай ет бермесіне мен кепіл. "Ал Ислам.кз сайтында" деп көрсеткен Көсемәлі Сәттібайұлының өзі мақаласында: "6-7 айлық кепе қозылар семіз, етті, бір жасар малдың етін беретін болса, Құрбанға шалуға болады" деп келтіреді. Сондағы айтпағымыз – 35-40 мыңға дәл қазір Елорда базарларынан "семіз, етті, бір жасар малдың етін беретіндей" алты айлық тоқты табуымыз екіталай", – дейді имам.

Сондай-ақ, Құрбан айт кезінде құрбандыққа жарамайтын шағын тоқтылардың да қымбат болатынын айтты.

"Брифинг барысында айтқан: "6 айға жетпеген, арықтау тоқтылардың" деген сөзіміз осыны қуаттай түспей ме?! Сол тоқтының "өзін 35-40 мыңға алуларыңыз мүмкін" дегеніміз де базардағы бағаны көріп-білгеннен кейінгі ойымыз. Дегенмен, дәл осы 35-40 мың теңгеге, тіпті ретін келістіріп 20 мың теңгеге шариғат талабына сай келетін құрбандық малын тауып жатсақ, оған ешқандай қарсылық жоқ. Алла Тағала баршамыздың құрбандықтарымызды қабыл еткей", – дейді "Әзірет Сұлтан" мешітінің бас имамы Ерболат Жүсіпов.

Еске салайық, кеше бас имамның 35-40 мың теңгенің қойлары шариғат талабына сай келмейтіні туралы айтқанын жазған болатынбыз.