Бас санитарлық дәрігер мектеп формасын қалай таңдау керектігін түсіндірді

0
3 291

Мектеп формасы да гигиеналық нормативтерге сәйкес келуі тиіс.


Бас санитарлық дәрігер мектеп формасын қалай таңдау керектігін түсіндірді

фото bilim-pavlodar.gov.kz

ERNUR.KZ.Мектеп формасында синтетикалық материалдар нормадан аспауы тиіс. Бұл туралы ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.

«Мектеп формасы да гигиеналық нормативтерге сәйкес келуі тиіс. Яғни синтетикалық материалдардың салыстырмалы үлесі қажетті нормалардан аспауы керек», - деді Бас санитарлық дәрігер Орталық коммуникациялар қызметінде.

Осы орайда ол ата-аналар киімді сатып алу кезінде бала осы киімді 5-6 сағат және одан да астам уақыт бойы киетініне және бірінші кезекте форманың тігілген материалының сапасына назар аударуы керек екенін атап өтті.

Форма тігілетін мата баланың денесі демалатындай және аллергияның алдын алу үшін гигиеналық қасиетке ие табиғи материалдардан (тоқыма, мақта, жібек) және вискозадан болғаны дұрыс.

«Аяқ киімді таңдау кезінде кемшіліктеріне көп мән бермей, оның сыртқы түріне назар аударамыз. Аяқ киімді дұрыс таңдамау – балалар мен жасөспірімдерді айтпағанда ересек адамның да табан сүйегін өзгертуі мүмкін. Ата-аналардың тағы бір қателігі, баяғы әдетпен, балаларына аяқ киімді екі-үш өлшем үлкен болатын өскелең жасқа сатып алуы. Қазір таңдау көп, сондықтан баланың табан сүйегін бұзбау үшін және баланың көп сүрініп аяқ киімді тез тоздырмауы үшін аяқ киімді баланың өз өлшемі бойынша сатып алған дұрыс», - деді Жандарбек Бекшин.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин оқушыларға арналған мектеп сөмкелерінің стандарты туралы айтып берген еді.