Бастықтарға дастарқан жаятындар жазаланады - жемқорлыққа қарсы қызмет

0
1 158

Заңды бұзбайтын және өз жұмысын жақсы істейін мемлекеттік қызметшіге біреудің алдында жүгіріп, қызмет көрсетудің қажеті жоқ.


Бастықтарға дастарқан жаятындар жазаланады - жемқорлыққа қарсы қызмет

ERNUR.KZ. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бастықтарға дастарқан жаю "дәстүріне" қарсы күрес шараларын бастады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Ақмола облыстық департаменті таратқан мәліметке сәйкес, арнайы кеңесте өңірлерге іссапармен баратын мемлекеттік қызметшілерге қатысты барлық ақпаратты ресми сайттарда жариялау мәселесі көтерілді. Ол ақпараттың ішінде алдағы іссапарлардың кестесі ғана емес, шағым түсіретін телефон нөмірі де болуы қажет. Яғни, мемлекеттік қызметшінің үстінен шағым түсіруге болады.

"Ауданға, я болмаса ауылға тексеріспен баратын кез келген мемлекеттік қызметшіге іссапардың ақшасы беріледі. Ол осы ақшасын жұмсамай, өз шығындарын күтіп алушылардың есебінен жапса, ондай әрекеттер қылмыстық заңбұзушылық болып саналады. Мемлекеттік қызметші өркөкірек болмай, сыпайылық пен әдептілік танытуы керек. Барлық шығынды іссапар ақшасынан төлеп, сыйлықтарды ғана емес, қонақүй мен билеттерді өтеп беруге қатысты ұсыныстарды қабылдамауы тиіс. Мерекелік дастарқандарға да қатыспаған жөн", - дейді департамент директоры Берген Беспалинов.

Департмент басшысы ондай "ұлттық қонақжайлылыққа" бастамашы болатын адамдарға де ескерту жасады. Оның айтуынша, жергілікті басшылар өз жұмысын дұрыс атқармайды. Содан кемшіліктерді жасырамыз деп, ауданға келетін тексерушілердің алдында құрдай жорғалайды. Онымен қоймай, қол астындағы қызметкерлеріне ақша жинатып, дастарқан жаюға мәжбүрлейді.

"Ашығын айту керек, кейбір тескерушілер үшін аймаққа жасаған іссапар кәдімгідей тойға айналады. Оларды тамақтандырады, асты-үстіне түсіп, қызмет көрсетеді. Ондай фактілер анықталса, тексерушілер ғана емес, оларға қызмет көрсеткендер де қатаң тәртіптік жазаға тартылады. Тіпті жұмыстан шығару шарасын қабылдаймыз. Негізі, заңды бұзбайтын және өз жұмысын жақсы істейін мемлекеттік қызметшіге біреудің алдында жүгіріп, қызмет көрсетудің қажеті жоқ", - деп атап көрсетті Беспалинов.