Басым бөлігі – инженерлерге: Мемлекеттік білім беру гранттарының тізімі жарияланды

0
348

Гранттардың басым бөлігі, яғни 19 344 грант "Инженерлік, өңдеу, құрылыс салалары" білім беру бағдарлама топтарына бөлінді.


Басым бөлігі – инженерлерге: Мемлекеттік білім беру гранттарының тізімі жарияланды

ERNUR.KZ. Жоғары білім беру бойынша 2024-2025 оқу жылына арналған гранттардың тізім жарияланды. Биыл жоғары оқу орындарында оқуға 112 мың грант бөлінген, деп жазады stan.kz.

Гранттардың басым бөлігі, яғни 19 344 грант "Инженерлік, өңдеу, құрылыс салалары" білім беру бағдарлама топтарына бөлінді. "Педагогикалық ғылымдарға" – 13 735, "Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар" саласына – 10 903 грант, "Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика" бағытына – 8 288 грант тиесілі.

Биыл алғаш рет ішінара оқу ақысы бар гранттар енгізілді. "Педагогикалық ғылымдар" және "Әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат" бойынша 150 сараланған гранттан бөлінген.

"Серпін" бағдарламасы арқылы түсушілерге 3 903 грант бөлінген. "Серпін" жобасы арқылы педагогикалық ғылымдар, инженерлік-техникалық, ақпараттық технологиялар, ауылшаруашылығы мамандықтары бойынша оқуға түсуге болады. Бағдарламаға оңтүстік өңірдегі ауыл жастары қатысады. Оқу бітіргесін грант өтеу мерзімі 3 жылдан 2 жылға қысқартылды. Енді грантты 11 аймақта өтеу мүмкіндігі бар”, – деп мәлімдеді ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі.

Батыс өңірлердің жастарын жетекші жоғары оқу орындарында оқыту үшін мақсатты 5000 білім беру гранты бар, олар Атырау және Маңғыстау облысы түлектеріне арналған.

Бакалавриатқа түсу үшін 2024-2025 оқу жылында 79 мыңға жуық грант бөлінді. Ал магистратураға 13 мыңға жуық, докторантураға түсуге 1 900 астам грант бөлінген.