Басына мұз құлаған әйелдің өліміне ғимарат иесі жауапты - әкім

0
3 709

Аудан әкімі тұрғындардан тазаланбаған шатырларды бақылап, әлеуметтік желі арқылы суретін жіберіп тұруды өтінді.


Басына мұз құлаған әйелдің өліміне ғимарат иесі жауапты - әкім

ERNUR.KZ. Алматыда Бостандық ауданының әкімі Алтай Рахымбетов басына мұз кесегі құлап, көз жұмған 60 жастағы әйелдің өліміне қатысты түсініктеме берді, деп жазады ҚазАқпарат.

«20 қараша күні 9 қабатты «Adal Residence» тұрғын үй кешенінің алдында 60 жастағы әйелдің үстіне мұз кесегі құлап, мерт қылды. Бұл жағдай қоғамда үлкен резонанс туғызды. Оқиға елдің ірі БАҚ-тарында талқыланды. Қазір полиция аталған жайтқа қатысты тергеу жүргізіп жатыр. Кім жауапты екенін тергеу көрсетеді. Жүргізілген тексеру нәтижесінде ҚР заңнамасына сәйкес шаралар қабылданады. Алматы қалалық көріктендіру ережесінің 93-пунктіне сәйкес, шатырды мұздан, қардан тазалау жұмыстары үшін ғимарат иесі жауапты. Егер ол тұрғын үй болса, тазалық үшін ПИК немесе басқарушы ұйым жауапты болады. Қар тым көп болмағанымен, шатыр құрылысының ерекшелігіне қарай жиналған мұз сүңгісі кесекке айналған. Өкінішке қарай, мұның арты қайғылы жағдайға әкелді», - деді Алтай Рахымбетов.

Аудан әкімі Бостандық ауданында 1770 биік үй бар екенін айтты.

«Коммуналдық қызмет өкілдері күн сайын осы ғимараттардың шатырына мұз қатып, қар басуын бақылап жүреді. Бірақ, барлығының тазаланғанын бақылап отыру мүмкін емес. Сондықтан, бірінші кезекте ол үшін ПИК жауап беруі тиіс», - деді әкім.

Аудан әкімі тұрғындардан тазаланбаған шатырларды бақылап, әлеуметтік желі арқылы суретін жіберіп тұруды өтінді. Айта кету керек, төтенше жағдай 20 қарашада болған еді. Ғимараттың қасынан өтіп бара жатқан әйелдің басына 9 қабаттық биіктіктен мұз кесегі түсіп, мерт қылды. Қайғылы оқиғаға қатысты аудандық коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Жанат Жақсыбаев түсініктеме берген болатын.