"Батыстағы ағайынды қолдаймын": Қайрат Нұртас үкіметке өтінішін жеткізді

0
708

"Қазақ халқы өте сабырлы, төзімді, себепсіз көтерілетін халық емес" деп жазды әлеуметтік желіде Нұртас.


ERNUR.KZ. Әнші Қайрат Нұртас Ақтауда болған оқиғадан кейін желіде жазба жариялады, деп жазады sputnik.kz.

Маңғыстау облысында наразылық білдірушілер Қайрат Нұртас отырған автокөліктің жолын жауып тастағаны туралы ақпарат тараған еді. Әнші әуежайға қарай бара жатқан. Желіде оқиғаның видеосы жарияланды.

Видео авторы Қайрат Нұртастың сыртқа шығуын талап етіп, "кім болсаң да, халықтың мұңын жеткіз" деп пәрмен береді. Желідегі видеода әншінің көлік ішінде отырғаны анық көрінеді, алайда Қайрат Нұртас көліктен шықпайды. Көлік артқа қарай жүріп, ол жерден кетіп қалады.

Сондай-ақ видео авторы "кіруге де, шығуға да жол жоқ" деп мәлімдейді. Ал оның алдында әлеуметтік желіде облыс тұрғындары Ақтау халықаралық әуежайына апаратын жол жабық екенін хабарлады.

Айта кетері, әнші Қайрат Нұртас 3 қаңтарда Rixos Aktau-да өткен концерттен видео жариялады. Ал әлеуметтік желі қолданушылары әншінің үнемі осындай қызу талқыланатын оқиға ортасында жүретінін жарыса жазып жатыр.

Содан кейін Қайрат Нұртас Маңғыстау облысында газ бағасының қымбаттауына байланысты наразылыққа шыққан тұрғындарға қатысты ойын білдірді.

"Қазақ халқы өте сабырлы, төзімді, себепсіз көтерілетін халық емес. Дәл қазіргі жағдайда мен Батыстағы ағайынды қолдаймын. Себебі халықтың арасында жүргендіктен, Қайрат Нұртас болып қалыптасуымның себепкері халықтың мұң-мұқтажын жеткізуге хақым бар. Халықтың тұрмыстық жағдайы төмендеп кетті. Еш өзгеріссіз тұрған айлыққа қарамастан азық-түліктен бастап барлығы қымбат. Халық бар болғаны уайым-қайғысыз өмірді қалайды. Үкімет басшыларынан "Халық – Алланың аманаты" екенін ұмытпауын сұраймын!", - деп жазды Қайрат Нұртас инстаграм-парақшасында.

Сондай-ақ ол президент Қасым-Жомарт Тоқаев тез арада оң шешімін шығаратынына сенім білдірді.