Бейнеуде өлі қоқиқаздар табылды

0
551

Бір қызығы мұндай жағдай тура бір жыл бұрын, яғни 2022 жылдың 24 сәуірінде болған еді.


Бейнеуде өлі қоқиқаздар табылды

ERNUR.KZ. Маңғыстау облысының Бейнеу ауданындағы Қызыләскер ауылынан 8 шақырым жерде өлген қоқиқаздар табылды, деп жазады sputnik.kz.

Бейнеу ауданына қарасты Сам құмында Қазақстанның Қызыл кітабына енген әзірге 5 бас қоқиқаздың (фламинго) өлген денесі құм арасында жатқанын сол аумақта мал қарап жүрген мектеп оқушысы көріп, видеоға түсіріп алған.
Бір қызығы мұндай жағдай тура бір жыл бұрын, яғни 2022 жылдың 24 сәуірінде болған еді. Ол кезде мамандар құстың қырылуына аймақтағы қолайсыз ауа райы себеп болуы мүмкін деген пікір айтқан.
"Соңғы кездері Маңғыстау облысының аумағында шаңды дауыл соғып, күн желді болып тұрды. Бұл құстың миграциясы Бейнеу ауданы аумағынан өтеді. Әзірге қолайсыз ауа райынан, құстардың миграциясы кезінде ішіндегі әлсіздері орта жолда қонып, әрі қарай солтүстік бағытқа ұша алмай, олардың өліміне әкелген болуы мүмкін деп болжауға болады. Себебі шөлейт бұл аумақта су көздері жоқ. Ендігі жерде ветеринарлық қызмет тарапынан тиісті сынамалар алынады", - деп жазылған Mangystau Press парақшасында жарияланған ақпаратта.
Қызғылт қоқиқаздар – жыл құсы. Жазда олар Ақмола облысындағы Қорғалжын қорық аймағын мекен етеді. Ал қыста Ирак немесе Түрікменстанның жылы аймақтарына көшеді. Көктемде және күзде олар Маңғыстау облысында тынығу үшін тоқтайды. Қызғылт қоқиқаз Қазақстанда Қызыл кітапқа енгізілген.