Алматы облысының «Қорғас» еркін экономикалық аймағында Беларусь тауарлары сатылатын арнайы сауда орталығы ашылды.
ERNUR.KZ. Өткен жылы Қазақстан мен Беларусь арасында 1 млрд теңгеге сауда-саттық жасалған. Бұл көрсеткіш енді еселеп артатын болады, деп жазады 24.kz.
Алматы облысының «Қорғас» еркін экономикалық аймағында Беларусь тауарлары сатылатын арнайы сауда орталығы ашылды. Беларусь елінің тауарлары енді Қазақстан мен Қытай нарығына бірдей шығарылады. «Қорғас» еркін экономикалық аймағындағы сауда орны осындай мүмкіндік берді.
Мұнда 20-дан астам тауар өндіруші компанияның өнімі қойылған. Орталықтың ашылу салтанатына келген делегаттар бұл ауқымды жобаның бастамасы екенін атап өтті.
"Бұл алғашқы қадам. Біз осы сауда орталығы арқылы Қытай нарығына қандай тауар керек екенін сараптаймыз. Соған сәйкес жұмыс істейміз. Яғни, біздң тауарларға сұраныс артып жатса, үлкен өндіріс орнын саламыз. Беларусь стандартымен Алматы облысында өнім өндіретін боламыз" - дейді Беларусь Республикасы премьер-министрінің бірінші орынбасары Александр Турчин.
«Қорғас» аспан асты елінің алып нарығына жол ашады. Сондықтан оған көршілес мемлекеттердің қызығушылығы жоғары. Қазірдің өзінде 746 гектардағы еркін экономикалық аймақта сауда-саттық, өндірістік және туристік нысандарды салып жатқан елдер бар.
«Осы жерде ТМД-ның павильондары ашылсы» деген Елбасының тапсырмасы бар. Мынау Ресейдің павильоны салынып жатыр, бізбен қарым қатынасқа өзбектер басқа мемлекеттерден осы жерден Қытайға шығатын бәріне жағдай жасап береміз" - дейді облыс әкімі Амандық Баталов.
Беларусь жыл сайын Қытайға құны 100 млн доллар болатын құрғақ сүт өнімдерін сатып келеді. Тауар мұхитпен 45 күн тасымалданады. Енді сол өнімдер Қазақстан аумағы арқылы 15 күнде діттеген жеріне жеткізілуі мүмкін. Шетелдіктер «Құрғақ порт» және «Нұрлы жол» бекеттерінің жұмысымен танысып, экспорт әлеуетін арттыру мүмкіндіктерін саралады.