БҒМ бірнеше жоғары оқу орнының лицензиясының күшін тоқтатты

0
703

Талапкерлерді заңнамаға сәйкес білім беру қызметін жүргізуге лицензияның қолданылуы тоқтатылған жағдайда жоғары оқу орны жаңа 2020-2021 оқу жылына қабылдай алмайтындығына назар аударуларын сұраймыз.


БҒМ бірнеше жоғары оқу орнының лицензиясының күшін тоқтатты

ҚР Білім және ғылым министрлігі бірнеше жоғары оқу орнының білім беру лицензиясының күшін тоқтатты. Бұл шешімге бірқатар жоғары оқу орнын қайта тексеру барысында Білім туралы заңнама нормаларының бұзылуы негіз болды, деп хабарлайды ERNUR.KZ ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Алматы» университеті, «Қайнар» академиясы, Алматы экономика және статистика академиясы, Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті, А.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті және «Silkway» халықаралық университетін қайта тексеру қорытындысы бойынша білім беру саласындағы заңнама нормаларының бұзылуы қайта анықталды.

Осыған байланысты ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті «Алматы» университеті, Алматы Экономика және статистика академиясы, Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті, А.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті анықталған бұзушылықтар жойылғанға дейін лицензиясының күшін тоқтатты.

«Қайнар» Академиясы мен «Silkway» халықаралық университетінің ісі тексеру қорытындысына шағымдануына байланысты сотта қаралуда. Сот процесі аяқталғаннан кейін тиісті шаралар қабылданады.

Сонымен қатар М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «құқық» даярлау бағыты бойынша (бакалавриат) лицензияға қосымшаның қолданылуы тоқтатылды.

Осы ретте талапкерлерді заңнамаға сәйкес білім беру қызметін жүргізуге лицензияның қолданылуы тоқтатылған жағдайда жоғары оқу орны жаңа 2020-2021 оқу жылына қабылдай алмайтындығына назар аударуларын сұраймыз.