Премьер-Министрдің атап өтуінше, Білім және ғылым министрлігінің ақпаратына сәйкес, осы жылдың 29 шілдесіндегі депутаттық сауалға жауап 2020 жылдың 8 қыркүйегінде хатпен жіберілген.
ERNUR.KZ. Мәжіліс депутаттарының ресми сауалына уақытылы жауап бермеген ҚР БҒМ Білім беруді цифрлық трансформациялау департаментінің директоры тәртіптік жауапқа тартылды. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің депутаттар сауалына берген жауабында айтылған, деп жазады ҚазАқпарат.
«Қазақстан Республикасымен Халықаралық қайта құру және даму банкі арасындағы займ туралы (орта білімді жаңғырту жобасына) келісім 2018 жылдың 13 маусымында ҚР заңымен ратификацияланды. Займ сомасы 67 млн долларды құрайды. Займ өтеу күні - 2020 жылдың 31 желтоқсаны. Жоба 2018-2022 жылдары аралығында жүзеге асырылады. Жобаның мақсаты – орта білім жүйесі сапасын жақсарту және ауыл мектептері оқушыларының үлгерімін көтеру.
Жобаның негізгі компоненттері – орта білім беру жүйесін жетілдіруге қолдау көрсету, білім нәтижелерінің айырмашылығын қысқарту үшін ауыл мектептеріне қолдау көрсету, жобаның жүзеге асырылуын мониторингілеу және бағалау. Жобаны жүзеге асыру аясында педагог кадрларды дайындайтын 16 ЖОО 166,7 млн теңгеге робототехникалық зертханамен жабдықталды. Сонымен қатар 2020 жылы жалпы сомасы 686,6 млн теңгеге 7 келісімшарт жасасу жоспарланған. Оның ішінде 656млн теңге білім беру мазмұнын жаңарту, қашықтан оқытуды мониторингілеу, оқуды бағалау жүйесін жетілдіру шараларын өткізуге бағытталады»,- деді Үкімет басшысы.
Премьер-Министрдің атап өтуінше, Білім және ғылым министрлігінің ақпаратына сәйкес, осы жылдың 29 шілдесіндегі депутаттық сауалға жауап 2020 жылдың 8 қыркүйегінде хатпен жіберілген.
«Сіздердің сауалдарыңызға дер уақытында жауап ұсынбағаны үшін министрліктің Білім беруді цифрлық трансформациялау департаментінің директоры тәртіптік жауапқа тартылды. Бұған қоса, қазіргі уақытта Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті 2016 жылдан бөлінген қаражаттың пайдаланылуына аудит нысанын, сонымен қатар бұған дейін жүргізілген аудит іс-шараларының нәтижелерін алдын ала зерделеп жатыр. Ол аяқталғаннан кейін тиісінше аудиторлық іс-шара тағайындалады. Тексеру қорытындысы туралы сіздерге министрлік пен есеп комитеті қосымша ақпарат беретін болады. Жалпы, сіздер көтерген мәселе Үкіметтің тұрақты бақылауында», - деді Асқар Мамин.
Бұған дейін Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті жоғарыда аталған мәселелер бойынша Білім және ғылым министрлігінің шығыстарына аудит жүргізілетіндігін мәлімдеген еді.