Орталық депозитарийдің басқарма төрағасы Әділ Мұхамеджанов қазақстандықтар бағалы қағаздар нарығын белсенді игере бастағанын сөз етті.
ERNUR.KZ. Орталық депозитарий мәліметінше, 2022 жылғы 1 қазанда елімізде брокерлік шоттардың саны 573 мыңнан асты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есеге көп, деп жазады stan.kz.
Орталық депозитарийдің басқарма төрағасы Әділ Мұхамеджанов қазақстандықтар бағалы қағаздар нарығын белсенді игере бастағанын сөз етті.
“Өз кезегінде, бұл қазақстандық брокерлердің жаңа цифрлық қолданбаларының және жеке тұлғаны биометриялық деректер бойынша қашықтықтан сәйкестендірудің нәтижесінде мүмкін болды. Белсенді инвесторлар саны тек өседі деп үміттенеміз", – дейді Орталық депозитарийдің басқарма төрағасы.
Орталық депозитарий өкілі қосалқы шоттары бойынша жас арақатынасы тұрақты болып қалғанын жеткізді. Бұрынғыдай бөлшек инвесторлардың ең көп үлесі 35-54 жастағы (35,6%) азаматтр. 25-34 жастағы инвесторлардың үлесі 30,6%, 18-24 жастағы инвесторлардың үлесі – 19,2%-ға жетеді. Бұл тұста 55 жастан асқан инвесторлардың үлесі қысқарып келе жатқанын атап өткен жөн (14,5%). Ал кәмелетке толмаған азаматтардың атына ашылған брокерлік шоттардың үлесі қосалқы шоттардың жалпы санының 0,1%-нан аспайды.
Инвесторлардың 56,3%-ы ерлер, ал әйелдердің үлесі – 43,7%-ға жетіп отыр. Жыл басынан бері брокерлік шот иелері арасындағы әйелдер саны екі есеге жуық өскен.
Алматы (21,8%), Астана (10,7%) және Түркістан облыстары (9%) бұрынғыдай аумақ бойынша көш бастап тұр. Ең аз брокерлік шоттар елдің солтүстігінде, әсіресе Солтүстік Қазақстан облысында (1,5%) ашылды.
"Жыл басынан бері брокерлік лицензиясы бар жекелеген банктер бағалы қағаздар нарығына бөлшек инвесторларды тарту бойынша белсенді жұмыс істей бастады. Бұл омнибус шот арқылы қызмет көрсетілетін инвесторлар санының өсуіне себеп болды. Омнибус шоты брокерлік шоттарды ашу және жүргізу үшін бэк-офис шығындарын оңтайландыруға және қысқартуға мүмкіндік беретінін ескере отырып, банктер KCSD-да өз клиенттеріне қызмет көрсетудің осы әдісін ықыласпен таңдайды", - деп атап өтті Әділ Мұхамеджанов.