Бірінші басшының маңындағы басы артық қызметшілерді қысқартамыз - ҚР білім және ғылым министрі

0
1 202

Білім басқармаларының басшыларын облыстық әкімдік тағайындағанымен, министрлік оларды қызметінен босатуға құзыретті.


Бірінші басшының маңындағы басы артық қызметшілерді қысқартамыз - ҚР білім және ғылым министрі

ERNUR.KZ. ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ведомстводағы бірінші басшының қызметін қамтамасыз ететін штаттарды қысқартатынын айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

Министр Асхат Аймағамбетов ЖОО ректорлары мен білім басқармаларының басшыларына жаңа оқу жылында қандай негізгі жұмыстар жасалу керектігін айтты.

«Министрліктің бірінші басшысының қызметін қамтамасыз ететін штаттар санын қысқарту керек. Қысқарту заң аясында жүретін болсын. Оларға басқа жұмыс ұсынамыз немесе еңбек заңнамасы бойынша алдын ала ескертіп, тиісті шаралар қабылдаймыз», - деді ол.

Ол сондай-ақ, Қазақ гуманитарлық заң университетінің жанынан құрылған Жобалар офисінің жұмысына үкіметтік емес ұйым өкілдерін белсенді қатыстыру керектігін айтты.

«Біз бұл офиске үкіметтік емес ұйым өкілдерін шақырып отырмыз. Білім саласы бойынша көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді қайта құрмақпыз. Сол бойынша ұсыныстар қабылдауға дайынбыз. Министрліктің барлық бизнес-процестері бойынша жемқорлық көрсеткішіне аудит жүргіземіз. Бір процестің неге сонша ұзаққа созылатынын, оған сырттан араласу деректері бар-жоғын анықтаймыз», - деген Асхат Аймағамбетов жемқорлықпен күрес бойынша жаңа стратегия қабылданатынын ескертті.

«Жемқорлыққа қарсы жаңа стратегия жасаймыз. Ай сайын осы мәселе бойынша есеп тыңдалатын болады. Жоғары оқу орындарының, ғылыми-зерттеу институттарының, білім басқармаларының басшылары бұл мәселеге басымен жауап береді. Қажет болса, қызметінен босатамыз. Білім басқармаларының басшыларын облыстық әкімдік тағайындағанымен, министрлік оларды қызметінен босатуға құзыретті екенін естеріңізге саламын», - деді ведомство басшысы.