Біртанов студенттерге дәретхана жуғызған ректор тапсырмасынан шошыды

0
1 107

Дәретхананы жууға арнайы мамандар бар. Оған қажетті қаржы бөлінеді.


Біртанов студенттерге дәретхана жуғызған ректор тапсырмасынан шошыды

ERNUR.KZ. Жұмыс сапарымен Ақтөбе облысына ат басын бұрған денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов студенттеріне факультет дәретханасын жуғызып, басы дауға қалған медициналық университетке бас сұқты, деп жазады kaz.nur.kz.

Ректормен бірге оқу орнын аралап жүрген Елжан Біртановты БАҚ өкілдері қарсы алды. Тілшілер болашақ дәрігерлердің дәретхана жууы қаншалықты дұрыс екенін министрдің өзінен сұрады. Сала басшысы бұл жағдайдан хабарсыз екенін айтты.

"Мен бұл жағдайды білген жоқпын. Студенттердің дәретхана жууы дұрыс емес. Студенттер оқу керек, тәжірибе алу керек. Дәретхананы жууға арнайы мамандар бар. Оған қажетті қаржы бөлінеді. Бұл жағдайды анықтап, зерттейтін боламыз. Министрліктен арнайы аудиторлық тексеріс келеді. Сіздер студенттерге дәретхана жуғыздыңыздар ма?",-деген денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов медициналық университет басшысына таңдана қарады.

"Күрделі жөндеу жұмысы кезінде оқытушы құраммен сенбілік жасалған еді", - деді медициналық университеттің ректоры Ербол Бекмұхамбетов.

Тап осы кезде Instagram желісіне Марат Оспанов атындағы БҚМУ-не қатысты тағы да шағым шықты.

"Марат Оспанов атындағы медициналық университеттің студентімін, Райса Мукадесқызы туралы біраз жағдайды білеміз. Сабақтан кешіккенге ақша сұрайды, емтихан кезінде ыстық тамақ пен салаты бар үстел дайындатады. Тамақты қайдан алу керектігін де көрсетеді. Мерекеде сыйлық бермеген топқа қиын болады. Ол мұны істеуді әлі қоймай келеді. Студенттер бұл кісіге кезіндегі біз секілді қарсы тұра алмаған. Дипломсыз қалатынымызды айтып қорқытатын",- делінген жазбада.

Университет басшылығы бұл хатқа қатысты да ішкі тексерістің басталғанын хабарлады.

"Бұл шыққан хабарламаны да көрдік. Комиссия құрылды, қазір тексеріс жүріп жатыр. Міндетті түрде ішкі тексеріс жасалады. Видеодағы Райса Мукадескызы 13-15 наурыз аралығында іссапарда жүр", - дейді университет проректоры Талғар Әбілов.


Еске сала кетсек, желіде таралған видеодан кейін Ақтөбедегі университетте шу шыққан болатын.