Әскери жиын жыл сайын өткізіледі, оның ұзақтығы 30 күн.
ERNUR.KZ. Қазақстанда қарулы күштерді дайындау жоспарына сәйкес, әскери міндеттілермен кезекті әскери жиын өткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР Қарулы күштер Бас штабы бастығының орынбасары, генерал-майор Сәкен Жүсіпов айтып берді, деп жазады inform.kz.
Жиын өткізудің негізгі мақсаты – бейбіт уақытта қысқартылған құрамда ұсталатын әскери бөлімдердің жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігін арттыру, жұмылдыру кезінде әскерді өрістету үшін әскери оқытылған ресурс даярлау оларды запаста ұстау.
«Әскери жиын жыл сайын өткізіледі, оның ұзақтығы 30 күн. Былтыр жиынға 1500 адам шақырылған еді. Биыл шақырылатын адамдар саны 3 мыңға дейін өсті. Адам санын ұлғайту оларды әскер үшін қажетті әскери-есептік мамандықтар бойынша даярлау арқылы әскери оқытылған резерв жинауға байланысты. Әскери жиыннан өту әскери міндеттілердің мамандықтары бойынша алған дағдысын қалыпқа келтіруге мүмкіндік береді», - деді Сәкен Жүсіпов ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.
Қолданыстағы заңда әскери жиынға шақырылатын адамның шекті жасы айқындалған, яғни қатардағы жауынгерлер мен сержанттар үшін – 50 жас; офицерлер үшін – 60 жас.
«Әскери жиынға денсаулық жағдайы бойынша жарамды әскери міндеттілер шақырылады, сондықтан олар алдын ала медициналық тексеруден өтеді. Оларды жиын өткізілетін жерге жеткізу және одан кері қайтару Қорғаныс министрлігінің қаражаты есебінен темір жол немесе автомобиль көлігімен жүргізілмек. Жиын оқу-жаттығу полигонында өткізіледі, әскери міндеттілер далалық лагерьде болады», - дейді спикер.
Әскери жиынға шақырылған азаматтар әскери қызметшілер сияқты киім-кешекпен, тамақпен және медициналық қызмет көрсетумен қамтамасыз етіледі.
Әскери жиын кезінде әскери міндеттілердің жұмыс орны, атқаратын лауазымы сақталады, оларға мемлекет есебінен орташа жалақы, ал жұмыс істемейтін азаматтарға ең төменгі жалақы беріледі.
Сонымен қатар, жиынға шақырылған әскери міндеттілер жиын кезінде әскери қызметші дәрежесінде болады. Бұл ретте олар ҚР Заңдарының және жалпы әскери жарғының талаптарын сақтауға тиіс.