​БҚО - да биіктігі 3 метр бөгеттер тұрғызылды

0
440

Бәйтерек ауданы бойынша су тасқынына дайындық жұмыстарына 298 техника, 3000-ға жуық адам жұмылдырылған.


​БҚО - да биіктігі 3 метр бөгеттер тұрғызылды

ERNUR.KZ. Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Бәйтерек ауданындағы су тасқынына дайындық жұмыстарын тексерді.

Облыс әкімі Нариман Төреғалиев 17 сәуір күні, түн ортасында Жайық өзенінің бойында орналасқан аудандардың бірі – Бәйтерек ауданында су тасқынына дайындық жұмыстарын қадағалап қайтты. Бұл ауданда 20 елді мекен өзен бойында орналасқан.
Өңір басшысы әсіресе су басу қаупі басым Бәйтерек ауданының Володарка мен Орал қаласы шетінде орналасқан Клуглозерное ауылдарындағы су тасқынына қарсы қорғаныс құрылыстарын нығайту жұмыстарын тексерді.
«Қазір облыс көлемінде су тасқынының екінші кезеңіне дайындық жұмыстары күшейтілген режимде жүріп жатыр. Өңірімізге тасқын су келген жағдайда Ресей Федерациясымен шекаралас осы Бәйтерек ауданы арқылы да өтеді. Сондықтан, дайындық жұмыстарды әлі де күшейтуіміз қажет. Қажет болған жағдайда қосымша техникалар алдырта аламыз», - деді Нариман Төреғалиев.
Жалпы Бәйтерек ауданы бойынша су тасқынына дайындық жұмыстарына 298 техника, 3000-ға жуық адам жұмылдырылған. Қазіргі таңда аудан бойынша жалпы ұзындығы 26,5 шақырым, орташа биіктігі 3 метр бөгеттер жасалды. 150 000 шамасында құм қапталып салынған. Сондай-ақ ауданда су тасқынына қарсы жедел штаб тәулік бойы жұмыс істейді.