БҚО-да 138 елді мекенді су басуы мүмкін

0
750

Ресейден алатын Жайық, Деркөл, Қараөзен, Сарыөзендерден су көптен келіп жатыр.


БҚО-да 138 елді мекенді су басуы мүмкін

ERNUR.KZ. Батыс Қазақстан облысында 138 елді мекенді су басу қаупі бар, деп жазады ulysmedia.kz.

Бұл туралы БҚО ТЖ департаментінің бастығы Ернұр Өтегенов мәлім етті.

Оның сөзінше, бастауын Ресейден алатын Жайық, Деркөл, Қараөзен, Сарыөзендерден су көптен келіп жатыр.

Өткен жылы облыста Жәнібек ауданында Жақсыбай, Қаратөбеде Шалғын ауылдарын су басқаны белгілі. Күні бүгін Жақсыбайда қар жоқ болғанымен, Ресей жақтан еріген судың келіп қалуы мүмкін. Сондықтан бұлардың бәрі де бақылауға алынған.

«Қазіргі кезде облыста күрделі гидрометеорологиялық жағдай қалыптасып отыр. Соған байланысты Орал мен Ақсай қалаларынан, ауылдардан қар шығару, су сору жұмыстары жалғасып жатыр. Авто және темір жолдарда су өткізетін 614 тұрба тазартылды. Облыс бойынша барлығы 722 техника, 88 жүзу құралы, 265 мотопомпа, жеке құрамнан 3368 адам толықтай дайындыққа келтірілді. 18 225,5 тонна инертті материалдар, 109 304 дана қапшық әзірленді. Тұрғындарды эвакуациялау қажет болған жағдайда 61 875 адамға 280 пункт дайын. Төтенше жағдай болмас үшін тұрғындардың өздері де алдын ала қамданып, аулаларындағы қарды шығаруы қажет», – деді департамент басшысы.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин республика бойынша 255 елді мекенді су басуы мүмкін екенін айтқан, оның сөзінше, бұл – 127 мыңнан астам үй және 700 мыңнан астам азамат.