БҚО-да орман шаруашылығы инспекторының өліміне қатысты тың дерек пайда болды

0
668

Инспекция басшысы Қайрат Қадешев қарамағындағы қызметкердің жұмыс бабымен жүргенін айтты.


БҚО-да орман шаруашылығы инспекторының өліміне қатысты тың дерек пайда болды

ERNUR.KZ. БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы оқ жарақатынан қаза тапқан Серік Мәженовтің сол кезде рейдте болғанын хабарлады. Олар оның заңсыз аңшылыққа қатысын үзілді-кесілді жоққа шығарды, деп жазады Tengrinews.kz.

Инспекция басшысы Қайрат Қадешев қарамағындағы қызметкердің жұмыс бабымен жүргенін айтты.

"Серік Мәженов рейдте болған. Онымен бірге қызметтік қаруы "Сайга" карабин жүретін. Бударин қорығының аумағында аң аулауға тыйым салынған. Серіктің тыйым салынған жерде аң аулауы мүмкін емес. Ол кеуде мен асқазан тұсынан жарақат алған. Ауруханадағылар оны кеш әкелгенін айтты. Біздің нұсқамыз бойынша инспектор браконьерлерге кедергі келтіруі мүмкін. Барлығын тергеу анықтайды, - деді БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Қайрат Қадешев.

Серік Мәженовтың артында әйелі мен екі баласы - ұл мен қызы қалды. Олар студенттер. Инспекторды жерлеу рәсімі 16 желтоқсанда өтеді.

Полицейлер "Абайсызда адам өліміне әкеп соқтыру" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын айтты.

"Біз бұл істің егжей-тегжейін айта алмаймыз. Оның таныстары Мәженовпен бірге болған. Бізде күдікті де, куәгерлер де бар", - деді БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібеков.