Болашақ ерлі-зайыптыларға «Бақытты отбасы» жадынамасы әзірленіп жатыр

0
835

Некеге дейінгі тренингтен өту туралы шешім қабылдаған ерлі-зайыптылар барлық модульдерді бір күнде игере алады немесе белгілі бір тақырыптық модульдерді аяқтауға тіркеліп, бірнеше күн бойы оқудан өтеді.


Болашақ ерлі-зайыптыларға «Бақытты отбасы» жадынамасы әзірленіп жатыр

ERNUR.KZ. Болашақ ерлі-зайыптылар үшін «Бақытты отбасы» жадынамасы әзірлену үстінде, деп жазады ҚазАқпарат.

«Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі БҰҰ Халықтың қоныстануы қорымен (ЮНФПА) бірлесіп, оң отбасылық дәстүрлерді сақтау, отбасын жоспарлау және ерлер мен әйелдердің репродуктивті денсаулығын сақтау мәселелері бойынша некеге тұратын жұптардың хабардар болуын арттыру тұжырымдамасын әзірледі. Бұл тұжырымдаманың некені ресми тіркеудің алдындағы кезеңде гендерлік теңдік, репродуктивті денсаулық және саналы ата-ана болу проблемаларын қоса алғанда, отбасы өмірінің кең ауқымды мәселелері бойынша қажетті ақпарат беру арқылы азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттің әлеуетін кеңейтетін маңызы бар. Хабардарлықты арттыру тетіктерін дамыту тренингтер өткізу арқылы жоспарлануда», - деп атап өтеді министрліктен агенттік тілшісіне берген жауабында.

Ведомство мәліметінше, осы жылдың соңына дейін ажырасу деңгейі жоғары жекелеген өңірлерде некені тіркеуге өтініш білдірген азаматтарға отбасын жоспарлау және отбасылық психология, репродуктивті денсаулық, отбасылық бюджетті жоспарлау және басқа да маңызды мәселелер бойынша оқыту пилоттық жоба іске қосылады.

Оқыту тегін. Әр тренингтің ұзақтығы - алты астрономиялық сағат.

Оның барысында қатысушылар тәуелсіз тақырыптық блоктарды игеруге мүмкіндік алады: серіктестік және жауапкершілік; отбасын жоспарлау және репродуктивті денсаулық; құқықтық сауаттылық; тұрмыстық зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділік; қаржылық сауаттылық; эмоционалды интеллект және отбасы ішіндегі және одан тыс қарым-қатынас дағдылары.

Некеге дейінгі тренингтен өту туралы шешім қабылдаған ерлі-зайыптылар барлық модульдерді бір күнде игере алады немесе белгілі бір тақырыптық модульдерді аяқтауға тіркеліп, бірнеше күн бойы оқудан өтеді.

Тренингтер оффлайн және онлайн режимінде өткізіледі. Ұзақ мерзімді перспективада (10 жыл) цифрландыруды тереңдету онлайн режимге толық көшуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Тренинг барысында ұсынылатын ақпараттың жоғары сапасы мамандардың бейне дәрістерін пайдалануды және білікті жаттықтырушылардың жұмысын көздейтін комбо-форматты қолдану арқылы қамтамасыз етіледі.

Осы шараны іске асырып, оны енгізудің әсерін бағалағаннан кейін өңірлер санын ұлғайту туралы мәселе қаралады.

«Сондай-ақ, БҰҰ Халықтың қоныстануы қорымен бірлесіп, болашақ ерлі-зайыптылар үшін «Бақытты отбасы» жадынамасы әзірленуде. Жадынамада қазіргі отбасы институтына тән тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік беретін ұсыныстар жазылады. Мұндай тәуекелдерге тұрмыстық зорлық-зомбылық, репродуктивті дисфункция мен бедеулік, ата-аналық жауапкершілік пен серіктестік теңдіктің жоқтығы жатады. Жадынама әзірленгеннен кейін Электрондық үкімет порталында орналастырылуы мүмкін. Бұдан басқа, некені тіркеуге өтініш берген азаматтарды осы материалдармен міндетті түрде таныстыру жөніндегі опция көзделуде», - деп атап өтеді министрліктен.