Шенеунік биыл 16 қаңтарда ұсталған болатын.
ERNUR.KZ. Павлодар облысының экс-әкімі Болат Бақауов тағы бір ай үй қамақта болады. Қамаудағы мерзімді ұзарту туралы шешім Павлодар қалалық тергеу сотында қабылданған, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Сотқа дейінгі тергеу органы бұрын жоғары лауазымда болған тұлғаны қамауға алу мерзімін ұзарту туралы өтінішті 6 мамырда берген. Болат Бақауовтың үйде "оқшаулану" мерзімі 10 мамырда аяқталды.
Павлодар облыстық сотында айтылғандай, тергеу соты аймақтың бұрынғы басшысын 13 маусымға дейін, яғни тағы бір айға үй қамауында қалдыру туралы шешім қабылдаған.
Еске сала кетсек, 15 қаңтарда Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтың ұсталғаны жайлы ақпарат тарады.
16 қаңтарда Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұған қатысты пікір білдіріп, 15 қаңтарда аймақ басшысына қатысты жедел-тергеу іс-шаралары жүргізілгенін мәлімдеді.
17 қаңтарда Павлодардың тергеу соты Бақауовты екі айға қамауға алу туралы санкция берді.
Біраз уақыттан кейін бұлтартпау шарасы жұмсарып, шенеунік үйқамаққа ауыстырылды. Бұған Болат Жұмабекұлының денсаулығының нашарлауы басты себеп болған.