Болат Өтемұратов Қазақстан теннис федерациясының президенті болып қайта сайланды

0
423

Астана қаласында Қазақстан теннис федерациясының жыл сайынғы конференциясы өтті.


Болат Өтемұратов Қазақстан теннис федерациясының президенті болып қайта сайланды

ERNUR.KZ. Болат Өтемұратов Қазақстан теннис федерациясының президенті болып қайта сайланды, деп жазады inform.kz.

Астана қаласында Қазақстан теннис федерациясының жыл сайынғы конференциясы өтті.

Конференция делегаттары, федерация филиалдарының өкілдері Болат Өтемұратовты таяудағы 4 жылға Қазақстан теннисі ұйымының басшысы етіп сайлады.

Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткендей, Болат Өтемұратов 2007 жылдан бері ұйымға жетекшілік етіп келеді.

Күні бүгін елде 48 қазіргі заманғы теннис орталықтары болса, ондағы 364 корттың басым бөлігі — жабық корттар.

30 мыңдай бала тенниспен айналысса, соның 3 500-і тегін жаттығады, олар қажетті киіммен қамтылып, ұлттық және халықаралық турнирлерге қатысу үшін федерациядан қаржылай қолдау алады.

Осы жылдар ішінде федерация балалармен жұмыс істейтін 300 бапкер және 500 нұсқаушыны дайындап шығарды. Ұлттық жарыстармен (жылына 200-дей) қатар 2020 жылдан бері Қазақстанда ATP 250 турнирлері өтіп келеді.

2022 жылы жарыс деңгейі бір мәрте АТР 500-ге дейін көтерілді.

Қазақстандық жасөспірімдердің табыстары ерекше қуантады. Жуырда 16 жасқа дейінгілер арасында Қазақстанның бозбалалар мен қыздар құрамалары командалық әлем чемпионатында өнер көрсетті.

Өткен жылы 14 жасқа дейінгілер арасында Қазақстан құрамасы әлем чемпионатында үздік төрт команданың қатарына кірді.

Ал 2023 жылдың қорытындысы бойынша жасөспірімдер арасында ITF рейтингісінде ТОП-100-ге екі қазақстандық теннисші енді.

Әмір Омарханов — 57, Асылжан Арыстанбекова 66-орында тұр.

Халықаралық теннис федерациясының бағалауы бойынша 2021 жылы-ақ Қазақстан теннистің дамуы жөнінен әлемдегі 20 үздік елдің қатарына кірді.

Бұл ретте ойыншылар мен салынған корттар саны және ұлттық құраманың олимпиадалардағы, Дэвис кубогі мен Билли Джин Кинг кубогіндегі табыстары секілді критерийлер есептелді.

Еске сала кетейік, биылғы қыркүйек айында Болат Өтемұратов Халықаралық теннис федерациясының (ITF) директорлар кеңесіне үшінші рет сайланды.