Бозбаланы қағып өлтірген экс-полицей жеңіл жазамен құтылды

0
688

Сот 18 жастағы бозбаланы қағып өлтіріп, қашып кеткен экс-полицейдің 2 жарым жылға бостандығын шектеген екен.


Бозбаланы қағып өлтірген экс-полицей жеңіл жазамен құтылды

ERNUR.KZ. Алматы облысында жол апатында ұлдарынан айырылған ағайын-туыс сот үкімімен келіспей шу шығарды, деп жазады КТК арнасы.

Сот 18 жастағы бозбаланы қағып өлтіріп, қашып кеткен экс-полицейдің 2 жарым жылға бостандығын шектеген екен. Бірақ мұны қаралы отбасы тым жеңіл жаза деп отыр. Айтуларынша, судья тәртіп сақшысының сол күні дәмханаға тәлтіректеп кіріп, удай мас болып рөлге отырғанына да мән бермеген. Үкіммен келіспеген ағайын-туыс енді апелляциялық шағым жазып, қалай да істі қайта қаратуға күш салып жатыр.

Айдың-күннің аманында кенжесінен айырылған Нұргүл Түркібаева көз жасын қара көзілдіріктің артында жасырып тұр. Жанына жиналған жандар дәм-тұзы небәрі 18 жасында таусылған Дінмұхаммед Жеңісовтың ет жақындары. Олар "бозбаланың өмірін қыршын қиған экс-полицейге тым жеңіл жаза берді" деп, соттың шешіміне наразы.

"Менің ұлым спортшы, чемпион болды. Осы стадионда шынығатын. 5 уақыт намазын оқитын. Елімізге қаққан адамнан қарағанда, менің ұлым көбірек пайдасын тигізер еді. Бүкіл Талғар қаласы танитын. Жеке өзім үкіммен келіспеймін. Өздеріңіз ойлап қараңыздаршы, полиция қызметкері болып, әрі мас күйінде қаққан. Сонда кезкелген тәртіп сақшысы адам қағып, кете беруіне бола ма? Адамның өмірі бес тиын болғаны ма сонда? Соттан шығып қазір жайбарақат демалып жүрген шығар. Ал менің балам жоқ", - марқұм Д. Жеңісовтың анасы, Нұргүл Түркібаева.

18 жастағы Дінмұхаммед Жеңісов дәл осы жолмен кешкі сегіз жарым шамасында үйіне қайтып бара жатқан. Алайда, мэрсэдэс көлігін тізгіндеген Самат Айсараақын оның дәл артынан қағып кетеді. Соққының қатты болғаны соншалық Димаш бірнеше метрге ұшып кетіп, шамамен мына арықтың ішіне құлап түседі. Ең сорақысы, экс-полицей көмек қолын созудың орнына бірден ізін суытқан. Ал, қансырап жатқан Димаш жедел жәрдем жеткенше жан тапсырған.

Қыршын кеткен баланың туыстары қайғылы оқиға болардан санаулы минут бұрын ғана Самат Айсараақынның кәуапханадан сыра ішкенін айтады. Тәлтіреңдеп жүргені сол дәмхананың бақылау камерасына да жазылып қалған. Кафе ауласында тұрған көлігіне де отыра алмай, құлағаны анық байқалады. Енді қара жамылған отбасы бұл дәлелдер мен куәгерлердің айғақтары ескерілмеді деп зар еңіреп жүр. Өйткені, сараптаманың қорытындысына сай экс-полицей рөлге сау күйінде отырған.

"Бүкіл куәгерлер мойкадан, дәмханадан барлығы көріп тұрып, міне мына жігіт деп танып тұрып, айтып тұрып. Ешбір куәгердің сөзі құлаққа асылмады. Сот ешқандай, ешкімнен сұраған да жоқ. Сот ісі деген тыптыныш, сынып сағатына барғандай 5-6 ретотырдық. Заңгер айтты, қалай сіз нөмірсіз жүресіз, қорықпайсыз ба десе, жоқ мен қорықпаймын деді. Сот кезінде дейтін Саматтан ештеңе сұраған жоқ. Бір «келісесіз ба, келісемін. Сіз не дейсіз, мен білмейм енді нечайно, өлтіргім келген жоққой» деді, болды міне", - марқұм Д. Жеңісовтың туысы, Жеңісхан Қонқасова.

Сөйтсе, экс-полицей алғашында екі жарым жылға түрмеге жабуы туралы үкім шыққан екен. Бірақ, іле-шала "Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты амнистияға" ілігіп, жазасы бас бостандығымен шектеуге ауысып шыға келген.

"Үкім 2022 жылдың 6 маусымында шықты. Қылмыстық кодекстің 345 бабы 3 тармағы және 347 бабы бойынша кінәлі деп танылып, 2 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 30 жылдығына орай қамауда ұстау жазасынан босатылды. Үкім әзірге күшіне енген жоқ", - Алматы облыстық соты.

Күшіне енбеу себебі, жәбірленуші тарап үкіммен келіспей апелляциялық арыз жазған. Олар экс-полицейдің қалайда қатаң жазаға тартылғанын қалайды. Әділеттікті талап еткен ағайын-туыс соңына дейін баруға бекініп отыр.