Бозжыра шатқалында қонақ үй кешені салынбайтын болды

0
1 228

Бұған дейін Маңғыстауда «Бозжыра сафари» қонақ үйінің жобалау жұмыстары жүргізіліп жатқаны хабарланған болатын.


Бозжыра шатқалында қонақ үй кешені салынбайтын болды

ERNUR.KZ. Бозжыра шатқалында қонақ үй кешені салынбайды. Бұл ақпаратты Маңғыстау облысы әкімдігі растады, деп жазады ҚазАқпарат.

«Жоба бастамашысы - «Tethys Aktau IV « ЖШС-ның ауызша ақпаратына сәйкес, Бозжыра шатқалындағы қонақ үй кешені мен этноауыл құрылысының жобасы инвестордың бастамасымен тоқтатылды», - деп атап өтті әкімдіктен.

Айта кетейік, 2021 жылдың басында өңірдегі экологиялық туризмді дамыту мақсатында инвестор ұсынған жобалардың бірі Қарақия ауданындағы Этноауыл сапар орталығы болған еді. Бастапқыда инвестор Бозжыра шатқалындағы Жабайұшқан қорықшасының аумағында жобаны іске асыруды ұсынған. Бірақ, аталған аумақ ерекше қорғалатын аймақ болғандықтан Мемлекет басшысы Үкіметке жобаны жүзеге асыру орнын қайта қарауды тапсырды.

Маңғыстау облысы әкімдігі Мәдениет және спорт, Экология, геология және табиғи ресурстар министрліктерімен бірлесіп, қоғам өкілдерімен, ардагерлермен, экоқорғаушылармен, ғалымдармен, экология, биология саласындағы сарапшылармен бірқатар кеңестер мен кездесулер өткізіп, жобаны Бозжыра шатқалынан 4 шақырым қашықтықта, қорықшадан тыс жерде жүзеге асыру туралы шешім қабылданды.

Инвестор топырақтың геологиялық жағдайларын анықтау үшін инженерлік-геологиялық іздестіру жұмыстарын жүргізіп, қолданыстағы грейдер жолды қалпына келтірді.

«Бұған қоса, инвестор Маңғыстау облысының экологиялық туризм ерекшеліктерін ескере отырып, оны табысты жүзеге асыру үшін жоба тұжырымдамасына кешенді өзгертулер әзірлеп жатыр. Жоба тұжырымдамасына кешенді өзгертулер енгізуге қатысты кейбір сәттердің туындауына байланысты оның құны 38,6 млрд теңгеден 39,8 млрд теңгеге дейін ауытқыды. Жобаның нақты құны оған өзгерістер енгізумен байланысты жоғарыда аталған процедуралар аяқталған соқ нақтыланады», - деп атап өтеді әкімдіктен.

Бұған дейін Маңғыстауда «Бозжыра сафари» қонақ үйінің жобалау жұмыстары жүргізіліп жатқаны хабарланған болатын.

Алайда өңір тұрғындарымен қатар еліміздің экобелсенділері бұл құрылыс жұмысына наразылық танытып, іске Президент Қасым-Жомарт Тоқаев араласып, Үкіметке осы жобаны қайта қарау жөнінде тапсырма берді.