Бозжырадағы қонақ үй шатқалдан 4 шақырым қашықта салынады - әкімдік

0
2 470

Қарақия ауданында сапар-орталықтың салынуына байланысты қоғамдық тыңдау өтті.


Бозжырадағы қонақ үй шатқалдан 4 шақырым қашықта салынады - әкімдік

ERNUR.KZ. Мемлекет басшысы Маңғыстау облысындағы Бозжыра табиғи қорығының аумағына салынатын визит-орталығының жобасын Үкіметке қайта қарауды тапсырған болатын, деп жазады Azattyq Rýhy.

Осыған орай облыс басшылығы қоғамдық кеңестің, эколог-сарапшылардың пікірін ескере отырып, инвесторлармен бірлесіп қонақ үй салу үшін жаңа орын қарастырды. Инвесторлардың айтуынша, Бозжыра шатқалындағы сапар-орталығы Жабайұшқан қорығының аумағынан тыс, шатқалдың «азу тістерінен» 4 шақырым қашықтықта салу жоспарлануда. Бұл биіктікке 4 шақырымнан жақын ешқандай құрылыс техникасы бармайды деген сөз. Жабайұшқан аумағында ешқандай құрылыс жүрмейді.

Жоба авторлары, инвесторлар мен Қарақия ауданының басшылары Сенек ауылының тұрғындарымен кездесіп, жобаны таныстырды. Ауыл ақсақалдары ұсыныс-пікірін білдірді.

5 ақпанда аудан орталығында «қоршаған ортаға әсерді бағалау» бойынша тағы да қоғамдық тыңдаулар өткізу жоспарланып отыр. Айта кету керек, инфрақұрылым жүргізу үшін инвестор тек «жасыл» технологияларды қолданатын болады. Туристік нысанды құрудың арқасында 200-ден астам жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылады деп күтілуде.

Айта кетсек, өткен жылы әлеуметтік желіде Маңғыстау жеріндегі Бозжыра табиғи ескерткіші аумағында қонақүй құрылысы басталғаны жөнінде видео тараған болатын. Осы жағдайға байналысты бір топ маңғыстаулық белсенді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмовқа ашық хат жолдап, нақты талап қойған еді.

Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли қоғамдық кеңестер мен эколог сарапшылардың пікірі ескеріліп, қонақүй салуға арналған басқа ыңғайлы жер таңдалатынын айтты.