"Бұдан жағдай жақсармайды": Дариға Назарбаева сенатта маңызды мәселені көтерді

0
706

Сенат депутаты шетелдік көлік мінген 200 мың еліміздің әр аймағында жиналып, наразылық білдіріп жатқанын айтты.


ERNUR.KZ. Қазақстанда 200 мың шетелдік автокөліктің иелері кедендік және басқа да салықты төлеуден бас тартуда. Сенат төрағасы Дариға Назарбаева бұл мәселені шешу керек екенін айтты, деп жазады sputniknews.kz.

"Елімізде Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен әкелінген көліктерді тіркеу бойынша мәселе туындады. Бұған ішкі істер министрлігінің Қырғызстан мен Армениядан әкелінген көліктерді тіркеуден өткізу туралы бастамасы себеп болды. Көлік иелері ЕАЭО елдерінен әкелінген көлікті уақытша тіркеуден өткізгеннен кейін бір жыл ішінде барлық тиісті салықты төлеп, кедендік рәсімдеуден өткізу қажет. Яғни әр көлік үшін автокөлік иесі қосылған құн салығы ретінде көлік құнының 12%-ын төлеуі қажет, бұл шамамен 2 миллион теңге", - деп ақпарат берді сенат депутаты Андрей Лукин.
Сондай-ақ, оның айтуынша, елге әкелінген автокөлік кеден одағының "Доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы" техникалық регламентке сай болуы керек.
"Ал автокөлік иелері еліміздің әр аймағында жиналып, мемлекеттік органдарға барып, наразылық білдіріп жатыр", - деді Лукин.
"Қазақстандықтар шекараның ашық болғанын пайдаланып, сондай-ақ бағада айтарлықтай айырмашылық барын ескеріп, шет елдерден автокөліктерді жаппай әкелуді бастады. Соның нәтижесінде бүгінде Қазақстанда 200 мыңға жуық шетелдік көлік есепке алынған. Ал автокөлік жүргізушілері кедендік және басқа да алымдарды төлеуден бас тартып отыр", - деді Лукин.
"Кеше осы мәселені талқыладық. Біз айтып отырған 200 мың автокөліктің 170 мыңы Ресей Федерациясында қолданыста жүр. Ал бізге Қазақстанда 24 мың көлік қолданыста екені айтылды. Әрине, бұдан жағдай жақсармайды. Бұл мәселені шешуіміз керек, - деді Дариға Назарбаева.
ЕАЭО елдерінен әкелінген автокөлікті уақытша тіркеу
Қазақстандықтар шетелдік автокөліктерді 2021 жылдың 1 наурызына дейін тіркеуі керек. Бұл тізімге 2020 жылдың 1 ақпанына дейін ЕАЭО елдерінен әкелінген көліктер кіреді.
Көлікті тіркеу үшін төмендегі құжаттар қажет:
жеке куәлік;
бұрынғы мемлекеттік немесе транзиттік нөмірлер;
көлік құралын тіркеу туралы куәлік;
меншікті растайтын құжат;
алғашқы тіркеу үшін төленген төлемнің түбіртегі, мемлекеттік нөмір мен техникалық төлқұжатты жасау үшін салық төлегені туралы түбіртек.